«Аманат» қазақ үшін киелі сөз. Шиповских партияны жаңғыртуға қатысты пікір білдірді

1 Наурыз 2022, 15:16
3017
Бөлісу:
«Аманат» қазақ үшін киелі сөз. Шиповских партияны жаңғыртуға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Генадий Шиповских Nur Otan-ның кезектен тыс XXII Съезінде айтылған бастамалар туралы пікір білдірді. 

Бүгін партиямыздың съезі өтті. Оның барысында көптеген мәселе талқыланды. Үлкен жаңалықтың бірі – партияның ребрендингі. Бүгіннен бастап партияның атауы «Аманат» болып жатыр. Бұл мәселе бойынша да көп адамда сұрақ туындауы мүмкін. Біз бір мәселені түсінуіміз қажет, біз бүгінгі таңда тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем өзгеріп жатыр. Өзгеру – заңдылық. Сондықтан да бүгінгі таңда партия атауы «Аманат» болып өзгеруі – орынды, - деді ол. 

Депутаттың айтуынша, съез барысында партияны жаңғырту бойынша бірқатар бастама  айтылды. 

Айтылған түйіткілді мәселелердің біразын атап өтуге болады. Бірақ мен халық пен билік партиясы арасындағы байланысқа ден қойғым келіп отыр. Бұл байланысқа қатысты көп дүние айтылды. Қарапайым халықпен қарапайым тілде сөйлесу өте үлкен маңызды мәселе болып отыр. Алдағы уақытта республикалық қоғамдық қабылдаулардың өңірлерге шығуы туралы бастама да айтылды. Осы мәселенің барлығы – басты коннект, - деді ол. 

Генадий Шиповских жастармен жұмыс істеу бастамасына да тоқталып өтті. 

Жас саясаткерлердің мектебін қалыптастыру тапсырмасы берілді. Біздің партиямыздың басты мақсаты – көкірегі ояу, көзі ашық, елдің қамы үшін жұмыс істейтін азаматтарды жарыққа шығарып, мінберлерден сөйлетуге ықпал жасау. Бұл да «Аманат» партиясының басты мақсаты болып саналады, - деді ол. 

Халық қалаулысы партияның өзгертілген «Аманат» сөзінің мағынасы туралы айтып берді.

Оны  маңызы зор, қасиетті сөз деп білеміз. Яғни, аманат деген сөз қазақтың бұрыннан келе жатқан сөзі. «Аманатқа, қиянат жасауға болмайды» деп те айтамыз. Ең бастысы, партияның жаңарған атауы орынды, оның қасиетті киелі ұғымы бар. Бүгінгі күннен бастап осындай бағытта жұмыс істейміз. Халыққа қажетті мәселелерді көтеріп, жақсы нәтижеге бірге жетеміз деп ойлаймын, - деді Генадий Шиповских. 

Партияның кезектен тыс XXII съезінде не айтылғанын осы жерден оқи аласыздар. 

Өзгелердің жаңалығы