Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үй алу үшін қаржыны қалай жинақтауға болады. Осы ретте "Желмая" жобасының қонағы болған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев өз кеңесімен бөлісті.
Ең бастысы, «Тұрғын-үй жинақ банкі» арқылы депозит ашу керек. Бұл процесс тегін. Заң бойынша рұқсат етілген қаржылық кеңесшілеріміз бар. Егер уақытыңыз болмаса, үйіңізге немесе жұмысыңызға келіп, тегін түсіндіріп береді. «Отбасылық пакет» деген бағдарламамыз бар. Яғни әр ашылған депозитке мемлекет жылына 200 АЕК жинаққа 20 пайыз сыйақы береді. Ол сіздің депозитіңіздің тезірек жинақталуына әсер етеді. Себебі, мемлекет шартты түрде 500 мың теңге жинақтасаңыз 100 мың тегін беріп тұр. Егер бір отбасыда отағасы 2 млн теңге жинайтын шамасы болса, оны төртке бөліп тастағаны тиімді. Өйткені бір адамның 2 млн жинағанына қарамастан мемлекет 100 мың ғана сыйақы береді, егер отбасындағы жұбай мен балаларының атынан есепшот ашып, 500 мыңнан төртке бөліп тастаса, әрқайсысына 100 мыңнан береді. Сосын несие алар кезде оның бәрін біріктіріп жібереді де, оның алғашқы жарнасының сомасы күрт өскен болады. Бір адам айына шама келсе, кемі 50 мың салып отырғаны дұрыс. Бір жылда 500 мыңнан асырып жинаса, үстіне 105 мың сыйақы қосылады, - дейді Жансұлтан Матаев.
Оның айтуынша, адамдар күнделікті шығындарын азайтып, жинаққа салып тұрғаны дұрыс.
Коронавирус біздің көптеген шығынымыз артық екенін көрсетті. Тапқан табыстың кемі 10 пайызын жинақтау қорына салуды үйрену керек. Ол қатып қалған қағида. Айлықтан 50 мың теңгені жұлып алып, банкіге салу қиын. Мысалға, сіз күніне темекі тартатын болсаңыз, күніне кемі бір темекіге 1000 теңге жұмсайсыз. Ал сол 1000 теңгеден күніне жинаққа салып отырсаңыз, білінбейді. Былай қарасаңыз, 1000 теңге деген балмұздақ немесе шөлдегенде су алып ішсеңіз, соған-ақ кетіп қалады. Керісінше, соны жұмсамай, банкке салатын болсаңыз, білінбей жинала береді. Бір айда 30 мың, бір жылда 360 мың теңге оңай жиналады. Бірден көп ақша саламын деген көп жағдайда бола бермейді. Салымшыларымыздың көпшілігіне айтып тұрамыз, - дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры.