Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бірнеше ай бұрын Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін салт атпен көпкүндік экспедицияға барып қайтқан едік. Осы сапарда байырғы мекен Баянауылдағы ҰТП қызметкері, елімізге белгілі эколог-қорықшы Алтынбек Құрмановтың аңызға толы әңгімесінің куәсі болған едік.
Алтынбек ағамен әңгімелестім деген аты ғой, әйтпесе кәнігі қорықшы, тілі шұрайлы шырақшы, көмекейі бүлкілдеген қара тілдің шешені, арғы-бергі аңыз бен әпсананы қиюын келтіріп, қисынын тауып сөйлейтін көкірегі даңғыл жан.
Біздің қазақ даласы ат тұяғы балқып, құс қанаты талатын жерде, «бабалардың ізімен» деп, киелі мекендерді аралап, болашақ жастарымызға – ұлт болашағына үлгі болып жүрген сіздердің осы республикамыздағы алғашқы бастамаларыңыз сәтті болсын. Осы ат туризмін Берік Ақылбеков біздің облыста (Павлодар облысын айтып отыр – Е.Ж.) басшылық қызметте жүргенде бастап еді. Енді міне, елордамызға барып, сол жерде үлкен ұйым құрып, тіпті біздің жігіттеріміз былай тұрсын, қазақ қыздарына қысы-жазы қала шетінде атқа мінудің, атпен жүрудің үрдісін үйретіп жатыр. Оның сыртында, міне, өздеріңіз де 1000 шақырымды жүруді ниет етіп, жолға шыққан екенсіздер. Көне Көктау, байырғы Баянаула, бүгінгі Баянауылға қош келдіңіздер! – дер бастады Алтынбек ағамыз әңгімесін.
Әңгімені сапарымызға сәттілік тілеумен бастаған ағамыз әуелі Баянауыл атауына қысқаша тоқталды.
Бұл сөз қайдан шықты, немесе ненің атауы деп ойланатындар көп. Тіпті қыздың есімі ме, құздың атауы ма дейтіндер бар. Баянауыл деген батыр болыпты, соның есімі екен деген аңыз да жоқ емес. Баяғыда мына тұрған Жасыбайда қазақ археологиясы мен этнографиясының атасы, сегіз ғылымды қатар меңгерген, керемет ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан деген атамыз туған еді. Ол кісі менің әжемнің туған бауыры еді. Әкемнің туған нағашысы болатын. Өз басым аз да болса сол кісінің тәрбиесін көрдім. Керемет бекзат жан болатын. Бүгінгі күннің зиялысы дегендерді ол кісімен салыстыра алмайсың! Ол кісі баламен бала болып, үлкенмен үлкен болып сөйлесетін. Халықпен халықтың тілінде тілдесетін. Бір әңгіме бастаса, соңына жеткенше сол әңгімеге қатысы бар деректің барлығын қамтитын. Сол үрдіс бізде де қалды – дейді Алтынбек Құрманов Баянауыл атауы жайлы ойын айтпас бұрын, өзі баяндайтын әңгімеге қатысты дүниенің бәрін қамтып алатын әдетімен.
Одан соң Қоңыр әулие үңгіріне бұған дейін табаны тиген қазақтың дара тұлғаларын бір түгендеп өтті.
Мынау Баянаула елінің көнеден бері келе жатқан қасиетті нысаны Қоңыр әулие шатқалына келіп отырсыздар. Қадамдарыңыз сауаптан жазсын! Осы бір киелі мекенде сіздер мен біз былай тұрайық, берісі тоғыз ханды толғаумен өткен Бұқар жырау бабамыз, Үш жүздің басын қосқан хан Абылай, он сан орта жүзге ұран болған Олжабай, үштің біріне іліккен Едіге би, өздеріңіз Ереймен жерінде көрген боларсыздар, қала берді, дүниеден елін қорғап өткен ер Жасыбай батыр, анау Қанжығалы қарт Бөгенбай бабамыз, Сырым, Малайсары батырлардың осы әулие үңгіріне табаны тимегені жоқ. Әйгілі Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз осы Баянауылдың Қарағайлы бұлақ деген жерінде дүниеден өтті. Бүгінде Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесінде дамыл тапты мүрдесі. Осдан бірнеше жыл бұрын басына барып, дұға оқып қайттым. Солардың бәрін ұлы ғұлама ғалым, заманымыздың әулиесі, алты алаштың атасы, кеше ғана өздеріңіз кесенесіне ат басын тіреген Мәшһүр-Жүсіп бабамыз жазады: «Сонау «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» заманынан жан беріп, жан алысқан кез еді. Сол кезде көнеден келген Бай ана үңгірі – мынау Қоңыр әулиеде ілгерідегі адамдардың бастары қосылып, Құдайға бозқасқа шалып, ел-жұртына амандық тіледі. Көздерінен бұршақтап аққан жасы жейделеріне сіңіп жатқан еді. Солардың маңдайы мен табанының ізі бар» - дейді. Міне, сол жерге сіздердің де табандарыңыздың ізі қалайын деп тұр – деп бір қайырды әңгімесін кәнігі қорықшы.
Ол сөз арасында бұл жерге бір көлденең дүние тастатпайтынын, күн демей, түн демей, тазалығын сақтап отырғанын айтып өтті. «Бастысы – киелі орынның тазалығы. Дәретің болсын, тазалығың болсын!» - дейді Қоңыр әулие үңгірінің шырақшысы.
Осы жерде көкейдегі сұрақты қойып үлгердік. Бұл үңгір қайдан пайда болған, Қоңыр әулие кім?
Бұл қасиетті Қоңыр әулиенің аңызы әріде жатыр. Ұлы Тұран даласына ислам діні келгенше Күнге табындық. Бәріміз де Алтай түркілері болдық қой. Тәңір құты – Ұмай ана дейді, біздің қазақтар «Бай ана» дейді. Өзі жомарт, өзі мырза, сұрасаң байлық береді, алдыңа мал, шаңырағыңа жан салып береді. Өзі сондай бай ана екен. Дүниенің барлығы анадан туады, анадан тарайды. Сол Күнге табынған заманда «біз – Алтай түркілері сол күннің баласы екенбіз, Күннен қалмаймыз» деп батысқа қарай жөңкіліп көше беріпті. Ұлы көштің ортасында – Еділ патша. Аттила дейді ғой, Шығыс Рим империясының талқанын шығарды, 6-7 мемлекет бүгінгі күнде мойындайды. Біз Еділ патшаны толық біле қоймаймыз, бірақ мен Еуропада болған кезімде олардың Еділ патшаны қалай құрметтейтінін көріп таң қалдым – дейді Алтынбек ағамыз, бұл үңгірдің шығу тарихына кімдердің қатысы барын аңғартып.
Артынша, үңгірдің шын иесі, аңыздағы Қағанның кім екені жайлы аңызға бет бұрады.
Ең соңғы Қаған – Шыңғыс хан. Сіздер сенбеңіздер, Кеңес үкіметінің «ол моңғол еді, ол анау еді, мынау еді» дегеніне. Бұл туралы Әлкей Марғұлан атамыз айтады, «ол моңғол емес, біздің түркі тайпасының өкілі еді - дейді. – Анасы да, әйелі де қазақ. Төрт ұлына алып берген қатыны да қазақ». Сол заманда осы өлкені Алтай түркілері мекендеп, Қағандар күнде таңмен таласа тұрып, шығыстан шығар Күнді күтіп алып, елді оятады екен. «Ей, халайық, тұрыңдар! Анамыз оянды. Біз қалмайық, көше берейік!» - дейді Қаған. Көш қозғалады, жол-жөнекей тоқтатқан елді «Сендер кімсіңдер, бізді Анамыздан қалдыратын» - деп шауып кете береді екен. Сол Анасына деген махаббаты зор Қаған, әне, шығысқа – Алтайға қарап тұр. Жанында Айдаһар күзетіп тұр. Әулие, қасиетті адамдар жайлы қазақ «жылан киесі бар екен», «иесі жылан еді» дейді ғой. Әне сол жыланды қасына қарауыл еткен Қағанның бейнесі – дейді шырақшы бізге қалшиып шығысқа көз тіккен адам бейнелі тасты нұсқап.
Расында шығысқа маңғаз қарап тұрған тас аңыз-айбарын сақтағандай тым маңғаз, тым марғау.
Қазақы түсінікте де Ана алғашқы орында тұрады. Жер ана, табиғат ана деген секілді, Қаған да өз құрметін, өз махаббатын әуелі Анасына көрсетеді. Міне, сол Қағанның заманында осы қасиетті Қоңыр әулие үңгірін «Бай ана үңгірі» деп атаған екен. Сол Бай ана осы үңгірді мекен етеді. Мұнда келіп, Тәңіріге құрбандық шалған адамдардың тілегі қабыл болады екен. Қоңыр әулие жеріне қадам басқан сайын – әпсана, адым басқан сайын – аңыз. Үңгір 4 бөліктен тұрады. Қысы-жазы есігі ашық. Кірген бойда «Күмбез» - мешіт бөлігі. Анау атасы басқалар бірдеңе деуі мүмкін, онда шаруамыз жоқ. Өзім мешіт бөлігі деймін – Тәңірінің үйі. Ауылда, қалада мешіттерді қолмен саламыз. Ол қандай қаражатқа салынып жатыр, онда шаруам жоқ. Өйткені, ол – Құдай үйі – құтхана. Сол секілді мынау да Алланың үйі. Бірақ, табиғи құрылым – дейді шырақшы әңгіме ауанын үңгір құрылымына қарай ойыстырып.
Алтынбек Құрманов ағамыздың шырақшылығы да, оны меңгеруі мен логикалық байланысының кереметтігі кім-кімді болсын таңқалдырары сөзсіз. Үңгірдің бірінші бөлігін мешітке теңеген ағамыз, кейінгілерін де тура сондай логикалық жүйемен таныстырды.
Одан кейінгі хан да, қара да басын иіп кіретін – босаға. Қазақ босағаң берік, шаңырағың биік болсын дейді. Бұл жерде бәрі де басын иіп кірген. Манадан беріп айтып отырған әйгілі бабаларымыз да, ғұлама ғалымдарымыз да, қарапайым халық та солай. Алла тағала өзінің алдында бәрінің басын игізіп қойған. Келесі – ұзын дәліз. Ешқандай күн сәулесі түспейді. Тек есіктен түскен сәулемен ғана жарықтанып тұр. Біз оны «қоналқы» деп атаймыз. Неге? Себебі, Қоңыр әулие үңгірі жалпы мұқтаж жандарға арналған. Мұқтаж адамдар өзіне керегін сұрап келеді. Біреу ұл, біреу қыз сұрап келеді Жаратқаннан. Тіпті «атым бәйгеден келсін» деген тілекпен келетіндер де бар. Әркімнің бір құпия тілегі бар ғой. Солардың бәрі құрбандық шалып, Құдайдан тілек тілеп қонады. Ал ең түкпірінде баспалдақпен көтеріліп барасың, тас қазан бар. Бір кереметі қазандағы су – қасиетті. Оның құрамында 9 пайыздан жоғары күміс бар. Медицинада таза күміс денсаулыққа аса пайдалы деп айтылады. Алайда мына тоқтаусыз келіп жатқан халық ол суға қолын жуады. Ал қолдың кірі тамған суды ішу дұрыс емес. Сондықтан мен қазан шұңқырдағы суға қол жууға тыйым салдым. Бірақ адамдар сонда да қоймайды, шипа іздеп келген соң, дәтке қуат деп қазандағы суды қалауынша пайдаланады. Өткен түнде ғана екі машинамен келген «бақсымыз» деген біреулер суын сарқып құйып алып кетіпті – деп қынжылады ол.
Ол қазаннан су құйып алған жанның бәріне ескерту жасайтынын айтады.
Ол ішуге жарамсыз су, яғни әркім қолын малған, бетін жуған су. Сондықтан оны ішуге болмайды. Ішіп, біреу ауырып қалса, біз жауап бермейміз ғой. Дегенмен, Алланың өзі «сақтансаң сақтаймын» дейді. Бір қызығы қазандағы судың өзі жазда лайланып, борсыған иіс шығып тұрады. Ал, Құдай мақтаған жерді сіздерге мен де мақтайын, қазан айында бұл төңіректе менен басқа ешкім қалмайды. Сол кезде аңдар келе бастайды. Сілеусін, арқар, құлжа, бұлан жүреді «әйт» дейтін жерде. Олар мені сырт келбетімнен-ақ таниды, себебі өмір бойы осы жердемін ғой. Он күн бойы үңгірге ешкім бармай қалғанда, қазанның суы толады. Сырылдап ағып, өз-өзін жуады. Бір жұмадай тоқтаусыз ағады. Сосын басылады. Осыдан кейін үңгірге келген адамның қолын жуғызбай, қолына ыдыс беріп, қалауыңша ішіп, ыдысқа құйып, өзіңмен бірге алып кетіңдер деймін. Қазан қазан айында толса, сол қалпы келесі жылдың сәуіріне дейін тұрады. Қыста қар басып қалады ғой. Көктем шыға жол тазаланып, баспалдаққа шығуға, осы жерге көлікпен жетуге мүмкіндік болған сәттен бастап ел қайта ағыла бастайды. Келген халық қолын жуып, бетін шайып, қазандағы суды тағы ластайды. Сол кезде суды ішуге тағы да тыйым саламын – дейді шырақшы.
Үңгір ішінің бір ерекшелігі – жазда қоңыр салқын, қыста қандай қақаған аязда, ат құлағы көрінбес боранда жылылығын сақтап тұратыны.
Күмбезде 2-3 градус жылы болса, босағадан аттаған соң 4-5 градусқа дейін жылылық болады. Ал «қоналқада» 8-12 градус аралығында ұядай жылылық орнайды. Далада қақаған аяз, ал үңгірдің ішінде өрмекші өрмегін өріп, шыбын-шіркей ұшып жүреді. Сенбесеңіз жыл он екі ай осындамын, қалаған уақытыңызда келіп тексеруіңізге болады. Қыста аса мұқтаж жандар болмаса, бұл жерге жан баласы аяқ баспайды. Біз – «Баянауыл» ҰТП қызметкерлері үнемі осы өңірде боламыз. Қандай аязда қазанның суы қатқан емес. Далада қарлы боран соғып тұрғанда үңгірдің ішінде жылы самал үрлеп тұрады – дейді Алтынбек Құрманов.
Осыдан кейін ол тағы да «Қоңыр әулие» үңгірі жайлы аңыздарға қарай ойысты.
Жаңа ғана «Ол кім? Ол өмірде болған ба, кімнің ата-бабасы?» - деген сұрақ қойып жатырсыңдар, қазақпыз ғой, «оның руы кім екен?» деген сауал да көмекейлеріңе тіреліп тұрған шығар? Жалпы «Қоңыр әулие» атауымен дүниежүзінде 8 жерде үңгір бар екен. Бұл – біз білетін. Ал біз білмейтін қаншама үңгір бар. Бір қызығы Қоңыр әулие деп аталатын үңгірлердің бәрінің аузы күнбатысқа қараған. Сол 8 үңгірдің бесеуі біздің Ұлы Тұран даласында – Қазақ даласында. Осы Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгірі Қазақстанның киелі жерлер картасына енген. Өткен жылы шулап жүріп Семейдегі – Абай жеріндегі Қоңыр әулие үңгірін сол картаға кіргіздірттік. Қазақ жерін бір-бірінен алалауға болмайды ғой. Сондықтан біздің дала – киелі дала – дейді табиғат қамқоры.
Бұдан соң ол жер бетінде «Қоңыр әулие» атауымен белгілі 8 үңгірдің қайда екеніне тоқталды.
Жаңа сөзімде айттым ғой, біздің жерде бес «Қоңыр әулие» үңгірі бар деп. Бірі – осы қазір біз тұрған Баянауыл-Жасыбайдағы үңгір. Екіншісін де атап өттім – Шығыс Қазақстан облысы Жидебай өңірінде. Ұлы Абай, Шәкерім қажы, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Мағауиндер дүниеге келген қасиетті топырақ. Келесі екі Қоңыр әулие оңтүстік өңірде. Бірі – Қазғұрт тауында. Оған көп адам бара қоймайды, иендеу жер. Екіншісі – бұрынғы Леңгір ауданы, қазіргі Төле би бабамыздың ауданында. Бадам сарқырамасы жағында, кейбіреулер «Сулы үңгір» деп те атайды оны. Ал Қазақ даласындағы бесінші «Қоңыр әулие» үңгірі еліміздің батысында, Жайықтың жағасында. Дүниежүзіндегі 8 Қоңыр әулиенің қалған үшеуі Еуропада. Мен 1999 жылы біреуінде болдым. Бұл – Батыс Карпатта. Мажарлар мен мадиярлар тұрады – өзіміздің түркілер мен қыпшақтар ғой. Осы Баянауылдағы Қоңыр әулие үңгіріне бару үшін бір шақырымдай тауға көтерілсеңіз, Карпаттағы Қоңыр әулие үңгірін көру үшін үш шақырым биікке көтерілу керек екен. Аузы күн батысқа қараған үңгірдің ішкі аумағы 12 қанат кигіз үйдің аумағындай. Төрінде қисық тасқазан, суы тамшылап ағып тұр. Карпаттағы Қоңыр әулие үңгіріне де мерез, құрт, қотыр секілді сырқаттанғандар, бала тілегендер келеді екен. Ол жерде де тәртіп, заң бар. Бірақ бізден басқаша – дейді ол.
Оның айтуына қарағанда, Еуропадағы екінші Қоңыр әулие үңгірі – Израиль мен Иорданияның шекарасында.
Бірақ ол жерге барып көрген жоқпын. Бұл Қоңыр әулиенің бір ғажабы – тауы да, орналасуы да, үңгірі де біздің Қоңыр әулиеден аумайды. Бір жолы Будапештте өткен бір жиынға қатыстым. Сол жиында мен сөз қозғадым, «Айналайындар-ау, мен бала күнімнен өскен жерім ғой, танымай қалады дедіңдер ме, бұл – Баянауылдағы үңгір ғой» - деп. Бәрі күлді. «Бұл екі үңгірдің ұқсастығы – екі тамшы судай» - деп түсіндірді. Айырмашылығы – екі үңгірдің ішкі құрылысы ғана. Біздің үңгірге кіргенде сәл оңға қарай кетесіздер, ал Израиль мен Иорданияның шекарасында тұрған Қоңыр әулиеге кірген соң сәл солға қарай кетеді. Жергілікті халық оны «Ескендір Зұлқарнайдың тәу ететін орны» деп атайды екен. Аңыз бойынша, Ескендір жорыққа аттанарда сол үңгірге кіріп екі-үш күн жатады екен. Үңгір иесі рұқсат берсе, аттанады. Жауын жеңіп, жеңіспен оралады. Ол қалың қолын қаптатып барып, кез келген шағын елді шауып алуына болушы еді, бірақ оған әулие үңгір рұқсат бермейді. Бір сөзбен айтқанда, Қоңыр әулие үңгірі рұқсат берген жорықтарға ғана шығады – дейді өз ісін бес саусағындай білетін қорықшы.
Еуропадағы үшінші – дүниежүзіндегі сегізінші Қоңыр әулие үңгірі – Түркияда.
Анау «Сұлтан Сүлеймен» деген телесериалдағы Селеймен сұлтанның бас уәзірі Ибрагим паша жараланғанда сүйреп әкеп, бір үңгірдегі суға салатын жері бар еді ғой. Байқасаңыздар сол үңгірдің аты да «Қоңыр әулие». Бір жолы таныс жігіттер хабарласады, «Үңгірді өзгертіп жібергенсіңдер ме?» деп. Сөйтсем, олар сол сериалдан көріп, біздің үңгір өзгеріп кеткен екен деп ойлапты. Осымен әлемдегі біз білетін 8 үңгірдің қысқаша тарихы осындай – дейді ол.
Ол тағы да өз әдетінше Қоңыр әулиеге қатысты келесі бір аңыздар топтамасына бет бұрды. Бұл жолы Қоңыр әулие – пайғамбар болуы мүмкін деген болжамға тоқталды.
Ал енді тағы да «Қоңыр әулие кім?» деген сауалға оралайықшы. Бұл жолы да сол Әлкей Марғұлан атамызға жүгінеміз. Қоңыр әулиенің кім болғаны жайлы Әлкей атамыз да, әлемге танымал антрополог Михаил Герасимов та, анау жиһанкез поляк Адольф Янушкевич те, Петр Рычков та «бұл жай адам емес, бұл – пайғамбар» дегенді айтады. Ол да негізсіз емес. Жер бетінде ғұмыр кешкен 124 мың пайғамбардың біреуі түркі нәсілінен болған екен. Оны орыстар «пророк Илия» дейді, біздің қазақтар – «Қызыр Ілияс» немесе «Қыдыр ата» дейді. Тіпті қарапайым ғана біреуге бата бергенде де, Ибрагим, Мұса, Исасында шаруамыз жоқ, «Қызыр болсын жолдасың, Қызыр Ілияс қолдасын» дейміз емес пе?! Болмаса, солау көне дәуірлерден бері кіндігі үзілмей келе жатқан Наурыз мерекесінде де «Қыдыр ата бата береді» дейміз ғой. Сол Қызыр Ілиясқа 18 мың ғаламның иесі Алла Тағала Қиямет қайымға дейін мәңгілік өмір сыйлаған екен. Сіздер мен бізге батасы тиіп, тілегімізді Аллаға жеткізу үшін ол мәңгі жасайды екен. Ол жарықтығыңыздың кім көрінгеннің үйінде түнемесі белгілі. Осындай үңгірлерді паналайтыны анық. Үңгірге бір ұзын бойлы қоңыр адамның кіріп-шығып жүргенін ғұлама ғалымдар, көріпкел бақсылар, шырақшылар, ұзақ уақыт қарына құрық іліп жүрген жылқышылар көреді екен – дейді әңгімесін аңызбен тұздықтауды жаны сүйетін шырақшы.
Ол тіпті аспаннан түскен төрт кітапта да Қызыр Ілиястың тірі екені жазылатынын, біздің сол Қыдыр атамыздың шаңырағына келгенімізді айтты.
Осы өздеріңіз тұрған Баянауылдың таулы-тасты аймағы бар болғаны 50-ақ мың гектарды құрайды. «Баянауыл» ҰТП – Қазақстандағы ең алғашқы құрылған парктердің бірі. Кеңес дәуірінде еліміз бойынша 8-ақ Ұлттық парк болды. Оны құрудың да өз себебі бар. Мақтан үшін құрылмағаны анық. Бұл жерде ағаш пен өсімдіктің, аң мен құстың, жәндіктердің жойылып кетуі мүмкін деген ең сирек түрлері өмір сүреді. Сол кездегі райком мен райсполкомның тапсырмасымен осы өңірде құрылған 12 шаруашылық орманды түгелдей отап, тауысуға айналған. Сол 50 мың гектар жердің 27-28 мың гектары қып-қызыл тас. Бір қызығы сол тастар әр түрлі аң-құс, адам, басқа да түрлі дүниелерге ұқсайды. Тағы бір қызығы, сол әр нәрсеге ұқсаған тастың әрқайсысында өзіне тән аңызы бар. Мысалы, мына бір тасты қараңыз, үстіне жүк артылған, шөгіп жатқан түйеге ұқсайды. Аңызға сенсек, соның алдындағы тасты байқадыңыздар ма, әйел адам секілді. «Тәңір құты Бай ана (Ұмай ана) төрт түліктің әулиесі желмаяға қасиетті Қоңыр әулие үңгірінен ырыздық пен несібені, жақсылық пен берекені артып алып, мынау Ұлы даладағы халыққа таратуға кетіп барады» - дейді көне аңыз – дейді Алтынбек ағамыз өлкедегі тастарға қатысты аңыздарды бастап.
Иә, аңыз көп. Әркім әр түрлі айтады. Ал біз оны бастасақ, тауса алмаспыз. Бұл қасиетті мекеннің бір кереметі осы. Өздеріңіз білесіздер, Баянауыл өңірінен шыққан талай ғұламалар бар. Бір ғана Қаныш Сәтбаевтың өзіне ғаламшардан планетаға есімін берді әлем.
Сол секілді, бұл үңгірді бір адамдай зерттеген тұлға Әлкей Марғұлан. Мына үңгірдің ішінде Әлкей мен Герасимов бәлен күн зерттеу жүргізген. Сол кезде бұның ішінде руна жазуымен жазылған тақтайша болғанын анықтапты. Онда «Қаған ұлы Тұғырыл» деген жазу болған деседі. Тағы да Әлкей атамыз қалдырған аңызға тоқталайық. Ежелгі түркілер өздерінен кейінгі мұрагерлерін осы үңгірде сайлайтын болған. Сонда тұғырға көтерілген жас қаған төмендегі халық пен үңгір ішінде отырған ру басылар, тайпа көсемдеріне ант берді. "Мен екі дүниенің босағасында тұрмын. Әне – мәңгіліктің мекені, міне – Жаратқанның күмбезі, әне – жарық дүние! Ант етемін! Жетім менен жесірге пана болам, ғаріп пенен міскінге қорған болам! Аш-арыққа тамақ болам! Халқымды батысқа алып жүрем!» - дейді екен. Ол бір бағзы заман, өтті-кетті. Ұлы Тұран даласына ислам діні келгеннен кейін бәрі өзгеріп сала берді. Отқа, Күнге, суға табыну тоқталды. Қазақ даласына ислам дінін әкелгендер халықтың байырғы наным-сенімін жойды. Мына жердегі тұғырды сындырды, адамдардың сенімін дінге бұрды. Одан кейін бұл үңгірге азаншылар мен шырақшылар келді. Олардың да тілегі елдің амандығы, жердің бүтіндігі, заманның тыныштығы – дейді Алтынбек Құрманов.
Әр тасы аңыз дедік қой, сонау көрінген 7 шошақты көрдіңдер ме? Ол «Жеті ана» деп аталады. Қаған әскерімен бірге жорыққа кеткен ұлдарын күтіп, сағыныштан сарғайып, мәңгілік тасқа айналған аналар.
Ал мына тас «Құрбандық тасы» деп аталады. Бұның да өз аңызы бар. Қаған жорыққа аттанарда Қоңыр әулиеден медет тілеп, құрдандыққа қызыл нар шалады екен. Басы бөлек, денесі бөлек жатқан нардың қылышпен шапқандай қыл мойыны табиғи жаратылысында қып-қызыл тас. Бұл құрбандықтың қаны дейді. Үңгірге келіп құран бағыштап, құрбан шалатындар әлі күнге осы тастың қасында рәсім жасайды.
Ал «Құрбандық тасының» денеден бөлінген «басы» - «Бас тас» деп аталады. Бұл тастың ерекшелігі – мына адамның басы сиярдай қуысында. Адам баласы бүкіл керекті табиғаттан алады. Сол секілді денесіндегі керексіздің бәрін де табиғатқа шығарады. Бұл тасқа басын кіргізіп отырғандар түрлі бас ауруларынан айығады деген болжам бар.
Ал мына бір шалқадан жатқан әйелбейнелі жартасты байқадыңдар ма? Бұл осы өңірде мәңгілік тыныс тапқан Бай ана анамыз екен.
Тастарға қатысты аңыздарды айтып болған соң бізді үңгірге ертіп барып, барлығын қолмен ұстап, көзбен көрсеткен Алтынбек Құрманов бізді шығарып салып, қош айтысып қалды. Біз жылжып бара жатқанда ол тағы бір топ адамға кәрі мекен жайлы аңызын бастап жатқан болатын...