IV Азия Паралимпиада ойындарының чемпионы атанған парадзюдошы Ақмарал Науатбек Азия ойындарының биылғы ең маңызды жарыс болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл менің алғашқы Азия ойындарым. Биылғы ең маңызды жарыс. Елім үшін сынға түсіп, көк туым шарықтап көтеріліп, әнұранымыз орындалғанда тұла бойымды қуаныш биледі, - деді спортшы.
Азия ойындарына алғаш рет қатысып, елімізге алтын сыйлаған Ақмарал Науатбек қазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Елімізде Республика күнінің қайта жаңғырып, мәртебе алғаны өте дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені еліміздің тәуелсіздігі осы күннен бастау алатыны баршаға белгілі. Республика күні құтты болсын, Қазақ елі! - деді ол.
Бұған дейін қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина және Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Заитов отандастарын Республика күнін құттықтады.