«Алтын сақа» фестивалі өтті

27 Наурыз 2023, 16:13
1886
Бөлісу:
«Алтын сақа» фестивалі өтті
Фото: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында дәстүрге айналған жаңа қойылымдардың  «Алтын сақа» атты V театрішілік фестивалі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.


Қазылар алқасының құрамы театр саласының көрнекті де кәсіби білікті қайраткерлерінен құралды. Фестивальге  2022-2023 жыл аралығында тұсауы кесілген «Оян, қалыңдық!», «Король Лир», «Ақ кеме», «Дилфизо мен Донада», «Ойнайық та ойлайық», «Сырымды саған айтамын», «Болмаған балалық шақ» спектакльдері қатысты. 

Сәйкесінше, аталмыш спектакльдерде оза шауып, талантымен таңқалдыра білген өнерпаздарға «Ең үздік ер адам бейнесі» (Елдар Отарбаев), «Үздік әйел адам бейнесі» (Гүлбаһрам Байбосынова), «Үздік эпизод» (Мөлдір Қонысқызы) және т.б. марапаттар табысталды.

Сахнаға жаңа қосылған қойылымдарымыз халықтың ыстық ықыласына бөленуде. Бұл дегеніміз қазақ өнерінің жаңа деңгейде бой көтергенін айқындайды, – дейді Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Талғат Есеналиев.

«Алтын сақа» фестивалі өтті

Бірінші бөлім Қазақстанның халық артистері Кененбай Қожабеков, Атагелді Ысмайлов, Мұхтар Бақтыгереев т.б жайлы естеліктер айтумен бастау алып, екінші бөлім марапаттау мен алматылық театрлардың құттықтауымен жалғасты. 

Аталмыш іс-шара мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және театр өнерінің даму үрдісіне қомақты үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған.

Өзгелердің жаңалығы