«Алтын Емел» табиғи паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды

5 Қыркүйек 2020, 14:44
3214
Бөлісу:
«Алтын Емел» табиғи паркін дамыту тұжырымдамасы таныстырылды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Алтын Емел» ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамытудың тұжырымдамасы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев айтты. 

Осы жобаны жүзеге асыру арқылы 2025 жылға қарай жергілікті халық үшін 250 жаңа жұмыс орнын аша аламыз. Жыл сайын келетін туристер саны 20 мыңнан 78 мың адамға көбейіп, бюджетке түсетін қаржы 10 есеге артады,- деді ол тұжырымдаманы таныстыру барысында. 
парк2.jpeg

Вице-министр сонымен бірге былтыр 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданғанын атап өтті.  

Қазақстан экотуризмді ұлттық парктерде АҚШ тәжірибесі негізінде дамытпақ. Яғни, мұнда туристiк маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға көбірек күш салынады. 

Сонымен бірге заманауи визит-орталықтар, гэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Сонда парк аумағында түбегейлі үлкен құрылыс жүрмейді,- деп түсіндірді Е. Нысанбаев. 

«Алтын Емел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдасы бойынша 3 маршрутты реттеп, түзеу жоспарланған. 

парк.jpeg

«Шыған» бақылау өткізу пункті маңындағы аумақта автокөлік тұрағы дұрысталып, этноауыл салынады. 
Келушілер үшін келесі тоқтайтын жер - Мыңбұлақ. Туристердің тамақтануы үшін қозғалмалы асхана, яғни караванинг болады. Демалыс қолайлы өтуі үшін глэмпингтер орналастырылады. Әрі қарай туристер маршрут бойынша тарихи-мәднни нысан - Шоқан Уәлиханов бұлағына бара алады. Бұл жерде де жылжымалы асхана жұмыс істейді, демалып отыратын жерлер болады,- деді вице-министр. 

Бұдан бөлек, жабайы жануарларды тамашалау үшін көру алаңы салынбақ. Экологиялық туризмді дамыту концепциясын жүзеге асыру үшін инвестор тартылады. 

«Іле Алатау», «Шарын» ұлттық парктері мысалында «Алтын Емелде» жүріп жатқан жұмыстарды бақылап, тәуелсіз баға беретін қоғамдық кеңес құрылады. 

Аталған тұжырымдаманы таныстырған ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Мұратов қазір әлем бойынша экологиялық туризм жақсы дамып жатқанын айтады.

парк7.jpeg
Экологиялық туризм табиғатқа зиян келтірмей ұлттық парк аумағындағы жан-жануарларды тамашалуға бағытталған. Біздің ұлттық парктердің әлеуеті Қазақстан азаматтарын ғана емес, шетелдіктерді де тартуға жетеді. Дегенмен парк аумағында қарапайым тазалық мәселесін шешу үшін тиісті инфрақұрылым құру керек,-дейді ол.

2019 жылы «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық паркіне 18,9 мың турист барып, көрсетілген қызметтен 27,6 млн теңге түскен. 

Аталған парктің директоры Халық Баядиловтің айтуынша,  «Алтын Емел» аумағында қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар өте көп екен. Парк аумағында туризмді дұрыстап жүргізбесе, бұл жан-жануарлар басқа жаққа ауып кетуі мүмкін.


парк3.jpeg
Экологиялық туризмді дамытып, парк аумағын халыққа көрсеткен дұрыс. Дегенмен ол жан-жануарға зиян тигізбейтіндей болу керек. Былтыр паркке 20 мыңдай адам келген, алдағы бес жылда бұл көрсеткіш 80 мыңға дейін жетеді. Бұл ең шекті сан, өйткені одан көп адамды қабылдауға болмайды. Ол табиғатқа, онда мекен ететін жануарларға кері әсер етуі мүмкін,-дейді парк директоры.


Өзгелердің жаңалығы