Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Алтын доп – 2025" жүлдесін кім алады?

Әсел ӘБІЛБЕК
22 Қыркүйек 2025, 15:23
1385
Бөлісу:
 champion.com.ua
Фото: champion.com.ua

22 қыркүйектен 23-іне қараған түнде футболдан "Алтын доптың" жыл сайынғы салтанатты марапаттау рәсімі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл сыйлық француздық France Football журналының бастамасымен 1965 жылдан бері беріледі.

Соңғы өзгерістерге сәйкес, футболшылардың ойынын бағалау күнтізбелік жыл бойынша емес, маусым бойынша жүргізіледі. 2024 жылдың 1 тамызы мен 2025 жылдың 13 шілдесі аралығы есепке алынады.

Өткен маусымда ұлттық құрамалар арасындағы ірі турнирлер өтпегендіктен, шешуші фактор ретінде Чемпиондар лигасындағы жетістіктер саналады. Еуропаның басты клубтық турнирінде жеңіске жеткен команда «Пари Сен-Жермен», сондықтан оның ойыншылары басты үміткерлер қатарында болып тұр.

Сонымен қатар, марапаттаудың медиялық аспектісі де маңызды рөл атқарады. Мұнда артықшылық "Барселонаның" ойыншыларына беріледі. Каталондық клуб ішкі чемпионаттарды жеңіп, Чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жеткен.

Opta Analyst порталы мен Goal.com басылымының пайымдауынша, басты фаворит "ПСЖ" шабуылшысы Усман Дембеле. Алайда БАҚ-та "Барселона" вингері Ламин Ямал жеңісіне сенімді екенін айтып, марапаттау рәсіміне отбасын ертіп келетінін хабарлаған.

Жалпы, "Алтын доп – 2025" жүлдесіне 30 футболшы үміткер атанды. Өткен жылы басты фаворит "Реал Мадридтің" шабуылшысы Винисиус Жуниор деп бағаланған болса да, жеңіске "Манчестер Ситидің" жартылай қорғаушысы Родри жеткен. Мадридтік клуб бұл шешімге наразылық білдіріп, салтанаттан шығып, әлеуметтік желілерде марапатқа қарсы науқан жүргізген еді.

Айта кетейік, "Алтын допты" ең көп иеленген футболшы аргентиналық Лионель Месси (8 рет) болса, екінші орында португалиялық Криштиану Роналду (5 рет) алды.

Өзгелердің жаңалығы