Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алты айда 4 мыңға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды – ІІМ

18 Шілде 2025, 07:58
619
Бөлісу:
 Архив
Фото: Архив

Ішкі істер министрлігі 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы есірткі қылмысына қарсы күрестің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында атқарылған шаралар нәтижесінде 4000-ға жуық есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелген. Олардың 1800-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

Министрлік мәліметінше, 21 ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты іс қозғалған, оның екеуі трансұлттық сипатта. Тергеу барысында 11 көшбасшы мен 43 қатысушы ұсталды.

Жыл басынан бері 6 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленген, соның ішінде синтетикалық есірткінің көлемі екі есеге артып, 570 кг-ға жетті. Сонымен қатар, 103 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылып, 218 есірткі егу фактісі мен 63 контрабанда дерегі анықталған.

ІІМ жастарды қорғау бағытындағы жұмыстарды да күшейткен. 17 мыңнан астам есірткі жарнамалайтын сайт бұғатталып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Сонымен қатар, күдікті қаржылық операциялар жүргізілген 24 мың шот бұғатталып, оларда 2,4 млрд теңге жинақталғаны анықталды.

Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам алдын алу іс-шарасы өткізілген, оларға 1 миллионнан астам жас пен жасөспірім қатысқан.

Есірткі қылмысына қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақты қорғау мақсатында күшейтілген тәртіпте жалғасатын болады, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Өзгелердің жаңалығы