Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында пандемияның қиын кезеңдерін бірлесе еңсерген жандарға алғыс айтты.
Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке қамқорлық көрсетудің, бірлік пен ынтымақтың нышаны іспеттес! Өткен жыл бәрімізге оңай болған жоқ. Алайда пандемияның ең қиын кездерін бірлесе еңсердік. Медицина қызметкерлері, тәртіп сақшылары, мұғалімдер, еріктілер мен жыл бойы коронавируспен күресте алдыңғы шепте тұрған жандар — біздің заманымыздың батырлары. Мыңдаған отбасыны құтқарып, ажал аузынан алып қалған, медициналық мекемелер мен блок-бекеттерде кезекшілік еткен жыл болды. Еріктілер көп жұмыс атқарып, зор көмек көрсетті, - деп жазды ол.
Көлгіновтің айтуынша, ел басшылығы қиын кезеңдерде қолдау шаралары мен елдің одан әрі дамуын ерекше назарда ұстап келеді.
Пандемия кезінде қала тұрғындары кәсіби және адами қасиеттерін көрсете білді. Ең қиын уақыт артта қалғанымен, әлі де сақ болу қажет. Бұл сынақты тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана жеңеміз! Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт және әр отбасыға амандық тілеймін! - деді қала әкімі.