Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алтай ауданына жұмыс сапарымен атбасын бұрған өңір басшысы Даниал Ахметов Ауданаралық аурухананың жөндеуден өткізіліп жатқан жаңа туған нәрестелер бөлімшесіндегі жұмыстар барысымен танысты.
«Ғимараттың жағдайы мамыр айының басына қарағанда әлдеқайда жақсарып қалған. 10 шілдеге қарай мердігер компания бұл жерді бір тәртіпке келтіретіндерін уәде етіп отыр. Бұл мекемеге алдыңғы қатарлы медициналық құрылғылар орнатылған. Жалпы, Алтай қаласындағы ауруханалардың медициналық құрылғылармен қамтамасыз етілуі жаман емес. Бұған қоса қаланы абаттандыруға қосымша қаржы қарастырдық. Әзірге қай ауланың абаттандырылатыны белгісіз, бірақ жақын арада белгілі болып қалар», - деген өңір басшысы Даниал Ахметов мердігер компанияға қос блоктың құрылыс жұмыстарын 9 шілдеге дейін аяқтауды тапсырып, 10 шілдеде қайтара келіп тексеретінін ескертті.
Бас мердігері «DK Proekt» ЖШС болып келетін аталмыш нысанда қазіргі уақытта 40 жұмысшы жұмыс істеп жатса, оның отызы құрылыс саласының кәсіби маманы. Жөндеу жұмыстарын ғимарат блоктарына жекелеп жүргізуді ұйғарған мердігер компания араға екі апта салып аурухананың үшінші блогын қолға алған. Қос блоктың жөндеу жұмыстары аяқталған соң олар ғимарат шатырын жөндеуге кіріспек.
«Ғимарат 1956 жылы салынған. Бүгінде тозығы жеткен ғимараттың екіші блогындағы жұмыстар аяқталып жылу жүйелері, ауызсу және кәріз құбырлары, электр жабдықтау жүйесі жаңартылып, терезелері жаңадан қойылды. Қазіргі уақытта ғимарат ішінің ішкі жағын сылау жұмыстары жүргізілуде. Аурухананың бір бөлігін жөндеп жатқандықтан біз пациенттерге кедергі келтірмеу мақсатында басқа бөліктерге баратын барлық есіктерді дыбыс өткізбейтіндей етіп жауып тастадық. Осылайша медициналық жұмыстарда тоқтатылған жоқ. Облыс әкімінің бөлімше құрылысын үш айда аяқтау жөніндегі тапсырмасы әрине біз үшін қиындау. Жалпы, жобалық-сметалық құжат бойынша оның мерзімі 31 қазанға жобаланған. Бірақ біз жұмысты оған дейін, яғни жылу беру маусымына дейін аяқтауға тырысамыз. Бұл бір жағынан біздің жұмысымыздың сапасына да әсер етеді. Өйткені біз құрылыс жұмыстарына 5 жыл кепілдеме мерзімін бірге береміз», - деді жоба жетекшісі Евгений Плотников.