Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Әлсіз тұстары бар”: “Қайрат” ФК бапкері “Реалмен” ойын жайлы айтты

Нұрқанат Атажан
29 Қыркүйек 2025, 14:11
1211
Бөлісу:
 “Қайрат” ФК баспасөз қызметі
Фото: “Қайрат” ФК баспасөз қызметі

“Қайрат” ФК бас бапкері 30 қыркүйекте өтетін Чемпиондар лигасының “Реал Мадридке” қарсы Алматыда өтетін матч алдындағы ойын жоспары туралы айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мадридтік “Реал” Алматыға ең мықты құрамын әкелді. Дегенмен, “Қайратпен” ойнардың алдында “Реал” Испания чемпионатында “Атлетико Мадридтен” 2:5 есебімен жеңіліп қалды. Осыған байланысты алматылық жанкүйерлер жұлдызды қарсыластың алдында өз командасының да қиындық тудыру мүмкіндігіне үміттенуде.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин “Реалға” қарсы ойында қазақстандық команда үшін бастысы — матчтың соңына дейін тұрақтылық сақтау екенін атап өтті.

“Реал” сияқты клубта әлсіз тұстар көп емес. Бірақ кейбір сәттерді талдай отырып, біз өзіміз үшін “Реалдың” аздаған минустарын таптық. Оларды қалай пайдаланатынымыз, ол біздің ісіміз. Қазір нақты айта алмаймын, бұл құпия. Ертең бәріңіз көресіздер. Егер бізде бірдеңе шықса, демек, жоспар орындалды деген сөз. Бірақ бұл қарсылас өте жоғары деңгейдегі клуб екенін жақсы түсінеміз, сондықтан қиын болатыны анық. Біз байқаған сәттерді қолдануға тырысамыз, – деді Уразбахтин.

Бапкердің айтуынша, ол ойын тактикасын, ауысымдар мен күшейту жоспарларын ойластырып қойған және барлығы сәтті болады деп сенеді.

“Қайрат” ойыншысы Егор Сорокин де матчқа қатысты пікір білдірді. Ол қазақстандық команда оң нәтижеге тек тәртіп пен командалық әрекеттің арқасында қол жеткізе алатынын айтты.

Өйткені, тәртіп – шеберлікті жеңеді, бұл белгілі. Біз өз мүмкіндіктерімізді пайдаланамыз. Сондай-ақ бізде мықты қаруымыз бар, ол стандартты жағдайлар. Осындай сәттер арқылы оң нәтижеге жете аламыз және оған қол жеткізу үшін бар күшімізді саламыз, – деді Сорокин.

Бас бапкердің айтуынша, “Қайраттың” басты күші – командалық рух. Ал тағы бір маңызды фактор – жанкүйерлердің қолдауы.

Оң нәтижеге жетуімізде жанкүйерлердің қолдауының маңызы зор. Олар бізге чемпионат пен Чемпиондар лигасындағы алдыңғы матчтарда қатты көмектесті. Біз мұны жақсы түсінеміз, сондықтан ертең де трибунадан зор қолдау күтеміз, – деді Уразбахтин.

Өзгелердің жаңалығы