Алмазбек Атамбаевқа сыбайлас жемқорлық бойынша айып тағылды

9 Тамыз 2019, 11:16
1805
Бөлісу:
Алмазбек Атамбаевқа сыбайлас жемқорлық бойынша айып тағылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа сыбайлас жемқорлық бойынша ресми айып тағылды.

Бұл туралы 24.kg порталына Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев хабарлады. Оның айтуынша, ІІМ тергеушісі оған қылмыскер Азиз Батукаевты заңсыз босату туралы қылмыстық іс бойынша айып тақты.

«Айып негізсіз. Оның қандай негізі болуы мүмкін, егер менің қорғалушымды куәгер ретінде шақырып, жауап алмаса? Оған бірден күдік туралы ескерту хат берді. Бұл бастапқыдан жоспарланған сценарий. Бұл әрекеттер заңсыз, себебі Алмазбек Атамбаевтың экс-президент ретінде қол сұқпаушылық құқығы бар», - деді Сергей Слесарев.

Заңгер Алмазбек Атамбаевқа басқа да айыптар тағылатынын-тағылмайтынын білмейтінін айтты. Экс-президентті ұстау операциясынан кейін Атамбаев тергеу изоляторына қамауға алынды. Ол 26 тамызға дейін, яғни тергеу амалдары жүргізілгенше қамауда болады.

Еске салсақ, жуырда БАҚ-та Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы туралы ақпарат тарады. Мәліметтерге сәйкес, 7 тамыз күні Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде атыс болып, Шу облыстық ІІББ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына аттанды. Сол күні аталған операция салдарынан Бішкек қаласы мен Шу облыстық ауруханаларына түрлі жарақатпен 48 адам түсті.

Бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Ал депутаттық комиссия Атамбаевқа 6 эпизод бойынша айып тақса, Бас прокуратура олардың тек бесеуін қалдырған еді.

Сонымен қатар, кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қырғызстандағы ахуал – көрші елдің ішкі шаруасы» деген болатын.

Өзгелердің жаңалығы