Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Түрксіб ауданының әкімі Бахытжан Ақжаров атқарылған істерді баяндады.
Оның айтуынша, мердігерлер жол құрылысы мен көлік инфрақұрылымының сапасын жақсарта түскен. Алдағы уақытта Әлмерек, Қайрат және Нұршашқан шағын аудандарында жаңа жолдар салынады.
Әлмерек шағын ауданында ұзындығы 14,6 км болатын 46 көшеде жаңа асфальт төселеді. Қайрат шағын ауданында 29,3 км болатын 78 көшеде және Нұршашқан шағын ауданында ұзындығы 5,1 км болатын 25 көшеде жаңа асфаль пайда болады. Оған қоса аудан бойынша ұзындығы 13,5 км болатын 20 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі, - деді аудан әкімі.
Мамыр айының соңына дейін Рысқұлов даңғылында 4 шақырым тротуар салынады. Сондай-ақ биыл 12 учаскеде тротуарлар салу жоспарланған. Қазір Бұқтырма - Құлжа жол айрығының құрылысы жүріп жатыр.
Бүгінде 144 көше жөнделіп, 6,1 мың шаршы метр асфальт төселді. 16 көшеде жұмыстар жалғасып жатыр. Барлық жөндеу жұмыстары тиісті қарқынмен жүргізілуде. Түрксіб ауданында 37 көше бойынша 81,5 км арық бар. Бүгінде жасыл экономика басқармасы әзірлеп жатқан ЖСҚ бойынша 125 көшеде 100 км арық желілерін салу қажеттілігі бар, - деді Ақжаров.