Алматының таулы аймақтарында сел қаупі сақталуда. Жоғары температурадан мұздықтар еріп, су көлемі көтерілген. Жауын-шашын да су тасқыны қаупін екі еселеп отыр. Қазір таудағы қауіпті деген мореналық көлдер «Қазселденқорғау» мекемесі мамандарының жіті бақылауында, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы 60 жылда Іле Алатауындағы мұздықтар 42 процентке азайған.
Бұл жаһандық жылынудың салдары, - дейді мамандар.
Мұздықтар қарқынды еріп, мореналық көлдер көбейген. Тау басындағы көлдер сел қаупін арттырып отыр.
Дәл қазір селдің кезеңі. Шілде және тамыз айы. Алматы қаласын алатын болсақ, бізде 51 морендік көлдер тіркелген. Және солардың 13-і аса қауіпті. Сифондық ағыстар техникалар арқылы каналдар жүргізіп, судың көлемін азайтып жатырмыз, - дейді ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Қайрат Бекенов.
Сел қаупінің артуына таулы аймақтардағы жауын шашын да себеп болып отыр.
Айта кетейік, жақында, 21 шілдеде Іле Алатауының тауларында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірнеше сел жүріп өткен. Кейбір жерлерде жауын-шашын көлемі 70 миллиметрден асты.