Алматының таулы аумақтарында турист қабылдау мүмкіндігін 5 есеге арттырып, тәулігіне 30 мың адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәліметке сәйкес, 2018 жылдан бері ұлттық саябақтарға келушілер саны 4,5 есеге артқан. Ал «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына келетін туристер ағыны 2,5 есеге өсіп, жылына 1,5 миллион адамға жеткен. Бұл таулы аймақтарға түсетін жүктеменің айтарлықтай артуына себеп болған.
Осыған байланысты жаңа Алматы тау кластері жобасы әзірленді. Ол туристер ағынын теңгерімді түрде бөлуді, табиғи аумақтарға түсетін салмақты азайтуды және туристік бағыттардың қауіпсіздігін арттыруды көздейді.
Кластердің жыл бойы жұмыс істеуі жоспарланған. Қыс мезгілінде тау-шаңғы демалысы, ал жазда хайкинг, экосоқпақтар мен велобағыттар ұйымдастырылады. Аумақтың басым бөлігі халыққа қолжетімді болып қалады.
Жоба барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып және қоғамдық талқылаулар арқылы жүзеге асырылмақ.