Алматының тау кластерін дамыту жобасы халықаралық стандарттарға сай туристік инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттырып, табиғи аумақтарды сақтауға да ықпал етеді.
«Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рей тау кластерін дамыту жобасына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, тау туризмі Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде таныта алатын маңызды бағыттардың бірі саналады.
Инна Рейдің айтуынша, Қазақстан тау инфрақұрылымын дамытуға бірқатар елдерден кейінірек кіріскенімен, бұл жағдайдың өз артықшылығы бар. Себебі жоба әзірлеу кезінде әлемдегі үздік тәжірибелер ескерілген.
Ұсынылған жүйе туристерді тартуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи аумақтардағы тәртіпті жақсартуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сарапшы әлемге танымал Гранд-Каньон мен Эверест маңындағы туристік нысандардың жұмысымен танысқанын айтып, Алматыдағы жобада халықаралық тәжірибенің элементтері көрініс тапқанын атап өтті.
Инна Рей экологиялық мәселеге де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, тау экожүйесі өте нәзік болғандықтан, инфрақұрылымды дамыту табиғатты қорғау шараларымен қатар жүруі қажет. Бұл туристер легін тиімді реттеп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сарапшының айтуынша, қауіпсіз әрі заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру Алматының тау туризмін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
«Тау кластері туризмге жаңа серпін береді»
Қазақстанның еңбек сіңірген туризм қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов та Алматы тау кластерін дамыту бастамасын қолдайтынын айтты.
Оның пікірінше, жоба еліміздің туристік саласының дамуына тың серпін беріп, халықаралық туристер үшін өңірдің тартымдылығын арттыра алады. Сарапшы әсіресе Медеу мен Шымбұлақтағы инфрақұрылымды жаңғырту жоспарына назар аударды.
Бұл – Қазақстан үшін маңызды жоба. Медеу мен Шымбұлақта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жобаны таныстыру барысында экологиялық талаптардың қатаң сақталатыны ерекше айтылды. Сондықтан бұл бастама туристерді тартумен қатар, табиғи ортаны қорғауға да үлес қосады, – деді профессор.
Оның айтуынша, Алматының табиғи аумақтары қазақстандықтар арасында ғана емес, шетелдік туристер арасында да сұранысқа ие.
Шынарбек Батырханов тау инфрақұрылымын дамыту кезінде табиғи ландшафттың ерекшеліктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, басты міндет – таулардың табиғи тартымдылығын сақтай отырып, келушілер үшін жайлы әрі ұйымдастырылған демалыс жағдайын жасау.
Сарапшының пікірінше, Медеу мен Шымбұлақтағы инфрақұрылымды жетілдіру туристік индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, табиғи ортаны сақтай отырып туризмді дамытуға жол ашады.