Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Cпорт басқармасының басшысы Рүстем Байсеитов онлайн брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, қазір қалада спорт нысандардың масштабтық құрылысы жүргізілуде.
Спорттық нысандардың саны мен орналасқан жеріне талдау жасау кезінде, олардың негізгі бөлігі қаланың орталығында орналасқанын көріп отырмыз. Сондай-ақ осы жерде спорттық қызметтер жеткілікті жоғары деңгейде көрсетіледі. «Жаңа Алматы» бағдарламасы аясында, әсіресе, қала шетіндегі спорт нысандарының санын арттыру көзделуде, - деді ол.
Сонымен қатар ол биыл бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын айтты. Мәселен Медеу ауданы, Алатау шағын ауданында 7400 шаршы метрді құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алаңы салынып жатыр екен. Онда жекпе-жек, су спорт түрлері болады әрі тәулігіне 894 адамды қабылдайды.
Сондай-ақ Жетісу ауданы Қазыбаева көшесінде алаңы 7400 шаршы метрді құрайтын кешен салынуда. Бұл жерде де, спорттық ойындар, жекпе-жек, су спорт түрлері болады. Тәулігіне 894 адамды қабылдайды. Жетісу ауданы Айнабұлақ-2 шағын ауданындағы №118 және №137 мектептердің арасында алаңы 3920 шаршы метр құрайтын нысанның құрылысы жүріп жатыр. Онда әмбебап және тренажер залы, бокс залы және жекпе-жек спорты қамтылады. Тәулігіне – 564 адамды қабылдайды, - деді Байсеитов.
Сонымен қатар ол Жетісу ауданындағы №80 мектептің аумағында 3024 шаршы метрді құрайтын спорт алаңы, Алатау ауданында 3974 шаршы метрді құрайтын алаң, Түрксіб ауданындағы «Жас-Қанат» шағын ауданында 7400 шаршы метрлі алаң биыл пайдалануға берілетінін айтты.
4 жабық және 10 ашық корттары болатын 14 корттық теннис орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол Алатау ауданы Рысқұлов даңғылының солтүстігінде, Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Сондай-ақ аталған жобамен фитнес және оңалту процедураларына арналған залдар қарастырылған. Бұл нысан тәулігіне 430 адамды қабылдайды, - дейді басқарма басшысы.