Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда бейбіт шерумен басталған жиынның соңы тәртіпсіздікке ұласып, қаланың астаң-кестеңі шықты. Ресми мәліметке сүйенсек, дүрбелең кезінде құқыққорғау және әскерилердің 18 қызметкері қаза тапқан, ал бандалық құрылымның 20-дан астам мүшесі жойылды. Одан бөлек террористердің шабулынан бейбіт тұрғындар да көз жұмды. Олардың саны қазір анықталып жатыр. Айналдырған 3-4 күнде қаланың үрейін алып, шаңырақты шайқалтқан оқиғаның хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Бейбіт шеру
Жаңа жылдан кейін Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразылық танытып, бейбіт шеруге шықты. Кейін оларды Ақтау, Атырау, Ақтөбе тұрғындары да қолдап, жергілікті әкімдік алдына наразылықпен шыққаны белгілі. Қаңтардың 4 күні арнайы құрылған комиссия газ бағасының төмендетілгенін мәлімдеді. Бұл кезде елдің әр өңірінде халық әкімдік алдына жиналып, жаңаөзендіктерді қолдайтындарын білдіріп жатты. Бұл шеруден Алматы тұрғындары да тыс қалмады. 4 қаңтарда кешкі сағат 20.00 шамасында әлеуметтік желіде Алматының әр түкпірінде халықтың жиналып жатқаны туралы видеолар тарай бастады. Видеода бір топ жастың қолдарына «Жаңаөзендіктерді қолдаймыз» деген жазуы бар плакат ұстап Тұңғыш президент паркінен шығып Мұстафин көшесі бойымен кетіп бара жатқанын көруге болады. Сондай-ақ Алатау ауданындағы «Алматы-Арена» спорт кешені алдына халықтың жиналып жатқаны туралы видеолар тарай бастады. Ол жерде көшеге шыққандарды арнайы жасақ бақылап тұрды. Оған қоса қаланың әр түкпірінен ондаған адамның жиналып, өзгелерді де көшеге шығуға үндейтін видеолар тарады.
Арада 1 сағаттай уақыт өткенде «Алматы-Арена» кешені алдында арнайы жасақ шеруге шыққандарды шетінен ұстап, автозактарға сала бастады. Сол кезде Демократиялық партия басшысы Жанболат Мамайдың ұсталғаны туралы хабарлар тарады. Дегенмен бұл кезде көшеге шыққан халықтың саны анағұрлым көбейіп, арнайы жасаққа да, әскерилерге де бойбермейтін жағдайға жеткен. Халық Б. Момышұлы көшесімен жүріп, көлік жүрісіне кедергі келтірді. Бұл кезде шеруді басуға келген әскери техника көтерілісшілерге шамасы жетпейтінін түсініп, кері бұрылып кетіп жатты. Ал, әр секунд сайын күш алып жатқан шерушілер қала әкімдігін бетке алды.
Түнгі сағат 23.00 шамасында шерушілер қала әкімдігі алдындағы алаңға жиналды. Сәтбаев көшесінің жоғарғы жағында, яғни Назарбаев көшесі тұсында әскери техника мен әскерилер тұрды. Сол жерден түсіріп, әлеуметтік желіден таратып жатқа видеодан шерушілердің бір-бірін тыңдамай, бақылаудан айырылығанын көруге болады. Бірі «билікке өз талабымызды қояйық» деп жатса, енді бірі әскерилерге шабуыл жасауға талпынып жатты. Бұл кезде шерушілердің бір бөлігі әкімдікке басып кіріп, «әкимат наш» деген видеоларын таратып жатқан еді. Арада сүт пісірімдей уақыт болғанда тарсылдаған, жарылған дауыстар шығып, айналаны көк түтін басты. Бұл шеруді тарқату үшін әскерилер жарған жарық-шулы граната болып шықты. Көп ұзамай халық газды түтіннен қашып, жан-жаққа тарап кетті.
Шерушілер алаңнан кетісімен арты тәртіпсіздікке ұласты. Олар көше бойындағы полиция көліктерін өртеп, сауда үйлерін тонай бастады. Әсіресе Абай, Төлеби, Назарбаев даңғылдары бойындағы сауда үйлері мен банк бөлімшелері, ломбардтар мен банкоматтар тоналған. Бұзақылар Абай көшесіндегі Ұлттық кітапхананың терзелерін сындырып, есігін қиратып кеткен. Сондай-ақ қаладағы бірнеше жанармай бекеті тоналды, сондықтан өзге бекеттер де жұмысын тоқтатқан.
Төтенше жағдай
5 қаңтарда Президент Алматы мен бірнеше өңірде Төтенше жағдай жариялап, түнгі сағат 23.00-ден таңғы 07.00-ге дейін коменданттық сағат енгізілді. Таңатпастан қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың үндеуі жарияланды. Онда қала толығымен бақылауда екені айтылды. Алайда, бұл кезде Б. Момышұлы мен Төлеби көшелерінің қиылысында әскерилердің шерушілерді таратып жатқаны туралы видеолар желіде әлі де тарап жатқан еді. Арада 1-2 сағат өткенде Момышұлы көшесі бойында бұзақылардың әскерилерді ұрып-соғып, олардың техникаларын басып алғаны туралы видеолар шыға бастады. Түскі сағат 14.00 шамасында он мыңдай адамның, оның ішінде қаруланған адамдардың қала әкімдігіне шабуыл жасап жатқаны хабарланды. Кейін әкімдік пен Президент резиденциясы, прокуратура өртке оранды. Сондай-ақ Алматыдағы халықаралық әуежай да бүлініп, жұмысын тоқтатқаны белгілі болды. Жағдайдың күрт шиеленісуінен қалада интернет өшірілді. Ресми ақпараттар тек телеарналар арқылы берілді.
Құқыққорғау органдарының қауқарсыздығын байқаған бұзақылар әкімдік ғимараты маңында орналасқан «Хабар», Qazaqstan, Мир, КТК, Еуразия телеарналарының ғимаратына шабуыл жасап, техникаларын қиратып, ғимарат ішін өртеген. Qazaqstan телеарнасында болған күзетшілердің айтуынша, басбұзарлар телеарна арқылы тікелей эфирге шықпақшы болған. Оған мүмкіндік болмаған соң, ғимарат ішін өртеген. Сондай-ақ полиция қызметкерлері Көктөбе телемұнарасын содырлар шабуылынан қорғап қалғаны мәлім болды.
Қаладағы қару сататын дүкендерді тып-типыл еткен бүлікшілер полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атып, кейін көшеде кетіп бара жатқандарға бей-берекет оқ атқан. Одан бөлек өртті өшіруге келген өрт сөндірушілердің көлігі, коммуналдық қызмет көліктерін басып алып, әкімшілік ғимараттарына басып кіру мақсатында қолданған. Кейін бұл көліктердің барлығы өртке оранды. Дүрбелең кезінде ТЖД-нің 18 техникасы зақымдалған, оның 5-уі толығымен өртеніп кеткен.
Кешке қарай нөмірсіз көліктер қарасы көбейіп, сауда орындары қайта тонала бастады. Қала ортасындағы «Заңғар» (ЦУМ) сауда орны бүлініп, ішіндегі алтын, қиім-кешек, смартфон, техника өнімдері түгелдей тоналды. Көше бойындағы жарнама баннерлері мен жол бойындағы бейбіт халықтың бірнеше көлігі бүлінген.
Дүрбелең
Қаңтардың 6-сы күні қалада антитеррорлық операциялар жалғасып жатты. Шерушілер ішінде арнайы дайындықтан өткен террористердің болғаны мәлім болды. Оған қоса қалада 2 полицейдің басы кесілгені, оншақты әскери мен құқыққорғаушының қаза тапқаны айтылды. Ресми мәліметте, содырлар қару дүкендерін тонап, қаланың әр ауданындағы полиция басқармаларына шабуыл жасағаны, полиция оларға қарсылық көрсетіп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ содырлар №1 және №7 қалалық аурухананы қоршауға алғаны туралы мәлімет тарады. Одан бөлек бұзақылар медициналық жедел жәрдем көлігін басып алып, қиратқаны белгілі болды.
Бұл кезде қаланың өзге бөлігінде қарапайым тұрғындар банкоматтарды аралап, қолма-қол ақша іздеп жүрген еді. Интернетті өшірген соң дүкендердің барлығы тек қолма-қол ақша қабылдап жатты. Ал, дүкендерде нан, ұн, басқа да азық-түлік таусылып, халық әбігерге түсті. Құдды бір 1990 жылдар қайтып келгендей, кез-келген дүкен алдында ұзын-сонар кезек пайда болды.
Ал, түсткен кейін Алматы қаласы Комендатурасының ақпарат орталығы екі аурухана террористерден азат етілгенін мәлімдеді. Оған қоса қалалық Полиция департаментіне шабуыл жасаған оншақты содырдың көзі жойылғанын хабарлады. Қала әкімдігінің ғимараты мен әуежай әскерилердің қолына өткені белгілі болды. Дегенмен, қалада антитеррорлық операциялар жүріп жатқаны телеарналар арқылы хабарланып, халыққа үйде отыру ұсынылды. Арнайы операция барысында «Алматы» телеарнасының қызметкері Мұратхан Базарбаев қаза тауып, оның әріптесі жараланды.
Үрей
Қаңтардың 7-сі күні қала толықтай әскерилердің бақылауына алынды. Қала әкімдігі мен орталық алаңды әскерилер қоршауға алған. Әскерилер әкімдік ғимаратына шабуыл жасаған 70 лаңкес пен дүкендерді тонаған 30 ұрлықшының ұсталғанын хабарлады. Оған қоса бүлікке қатысқан 2 мыңнан астам адам ұсталған. Ал, құқыққорғау органдары мен әскерилердің 18 қызметкері қаза тауып, 748 полиция жарақат алған.
Қала ішінде өртенген көліктердің қаңқасы әлі де жатыр. Банк, сауда орындары, жанармай бекеттері жұмысын тоқтатқан. Қоғамдық көліктердің жұмысы да тоқтаған. Қала орталығында көшеге шығып, серуендейтін адамдар қарасы да азайған. Балалар мен жастар жоқ, тек дүкен аралап, азық-түлік іздеп жүрген ересек адамдар ғана. Көбінің бойында үрей бар, «ана көше бойы тыныш па екен» деп бір-бірінен жөн сұрасқан адамдар.
Бүлік шыққан жерлерде тұратын адамдардан оқиғаның қалай болғанын сұрауға тырыстық. Өзін Сәлима деп таныстырған әйел Наурызбай батыр мен Сәтбаев көшесінің қиылысындағы жатақханада тұрады екен. Бүлікшілер дәл осы көшенің қиылысында 3 көлікті өртеп жіберген.
Бастапқыда шерушілер осы көшемен әкімдік ғимаратына қарай өтті. Олардың қатары өте көп еді. Біз сыртқа шықпай, үйде отырдық. Бірер сәтте олар кері қашты және жол бойындағы көліктерді өртеді. Осы кезде біз қорқып кеттік. Адамның көптігінен өрт сөндірушілер жете алмады, шерушілер оған кедергі келтірді. Ертеңінде халық тағы жиналып, әкімдік ғимараты жағында атыс дауыстары естілді, кейін айналаны көк түстін басты. Қазір керекті азық-түлікті алуға ғана далаға шығамыз, өте қорқынышты, – дейді куәгер.
Андрей Григоревич есімді қала тұрғыны бүлікшілердің ісін айыптайтынын жеткізді.
Қаңтардың 4-нен 5-не ауған түнгі сағат 24.00 шамасында бүлікшілер Абай-Сейфуллин көшелері бойындағы банк бөлімшелері мен дүкендерді қирата бастады. Олардың жартысы жаяулатып жүрсе, тағы бір бөлігі көлікпен жүрді. Көліктің багажына 5-6 адамнан отырып алған. Олар сөзге тоқтайтын адамдар емес, алдындағының бәрін жайпап келе жатқан дауылдай болды. Бәрін терезеден бақылап тұрдым, арасында әлгілелер атқан оқ қаңғып кеп тиіп жүрмесін деп ойлап қоямын. Олардың қандай мақсаты болғанын білмеймін, бірақ өз қаламызды бұлай бүлдіруге болмайды,-дейді қала тұрғыны.
Қалада такси болып күнелтіп жүрген Серік есімді азамат айналдырған бірнеше күнде Алматы тұрғындарын танымайтын жағдайға жеткенін айтады.
Мынау не масқара болып кетті? Емін-жарқын күліп жүрген халық бір-біріне қас болып шыға келді. Түсінемін, қымбатшылық, тағы басқасын айтып көшеге шықты. Бірақ, полицейдің басын кесіп алып, жедел жәрдем қызметіне шабуыл жасайтындай не күн туды басымызға. Қазір қаладағы жанармай бекеттерінің бәрі жабық. Бәрі көліктерінің нөмірін алып тастап ұрлық жасап жүр. Жабық тұрған бірнеше жанармай бекетінен бензин ұрлап жатыр, бұл дұрыс емес. Кеше бірнеше қарулы адам Төлеби көшесінде өрт сөндіру көлігін басып алған, оның мегалкасын жағып көшемен ары-бері жүр. Оның артынан нөмірі жоқ оншақты көлік еріп жүр. Қазір қалада полиция көлігі көрінбейді, көрсе өртейді оларды,-дейді ол.
Қаланы аралап шыққанда байқағанымыз көптеген көшеде бағдаршам істен шыққан. Сергек, басқа да камералар бүлінген. Мемлекеттік тіркеу нөмірін алып тастап, жүйіткіп жүрген көліктер баршылық.
Жағдай оңала бастады
Қаңтардың 8-де қаладағы жағдай оңала бастады. Қалада атыс дауыстары азайды. Дүкендерге азық-түлік жеткізіліп, ұзын-сонар кезек азайды. Интернеттің жоқтығына қарамастан Kaspi bank, Halyk bank мобильді қосымшалары жұмыс істей бастады.
Дегенмен, теледидар арқылы қалада қарулы банда құрамын ұстау операциясы әлі де жалғасып жатқаны хабарланып, халықты үйден шықпауға шақырды. Одан бөлек қаланың бірнеше кіре берісіне блок-бекеттер қойылып, тексеріс күшейтілді. Қаладан шығып бара жатқан көліктің барлығы тексеріле бастады. Сондай-ақ, ПД-ті Қалқаман ықшам ауданындағы ТЖО-ның бірінде бандалық топ ұсталғанын хабарлады. Ол жерден қару арсеналдары мен дүкендерде тоналған техникалар табылған.
Сондай-ақ түс ауа Алматы әкімі қаланы қалпына келтіру бойынша жиын өткізіп, нақты тапсырмалар берді.
Оған қоса қаладағы еріктілер, Күрес федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыханов бастаған спортшылар да қаладағы құқыққорғау органдарына көмектесіп, қаланы қалыпқа келтіру жұмыстарына дайын екендіктерін мәлімдеді. Алайда, ПД-ті қаладағы жағдайдың әлі де күрделі екенін, азаматтардың өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп оларға көшеге шықпауға кеңес берді.
Түнде коменданттық сағат басталар алдында қалада дабылды сирена ойнап, халықтың көшеге шықпауына белгі беріледі.
Қазіргі сәт
Қаңтардың 9-да қаладағы жағдай бірқалыпты. Қала әкімдігі бүгін ірі азық-түлік дүкендерінің бір бөлігі жұмысын бастайтынын мәлімдеді. Коммуналдық қызмет бүліктен кейінгі көшені тазартуға кірісіп кетті. Қалада бұрынғыдай интернет жоқ. Алайда Kaspi bank, Halyk bank мобильді қосымшалары арқылы аударымдар мен төлем жасауға болады.
Полиция департаменті телеарналар арқылы қалада қарулы бандаға қарсы операциялар жалғасып жатқанын мәлімдеп жатыр. Көшеде адамдар қарасы аз.