Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 7 айында Алатау ауданында 19,1 млрд теңгенің салығы түсті. Бұл туралы Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев брифинг кезінде айтты.
Жиын барысында ол 7 айдың қорытындысын баяндап, қала әкімі тапсырған жұмыстардың атқарылыу барысымен таныстырды.
"Биыл "Арлан", "Қазына" базарларында қайта жаңғырту жұмыстарының құрылысы басталды. Аяқтау мерзімдері 2020-2023 жылдар, инвестиция көлемі шамамен 3 млрд 20 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін "Үшқоңыр" және "Азия" базарларына қайта жаңғырту басталды, инвестиция сомасы 1 млрд теңге", - дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, ол индустриялдық аймақ бойынша 39 жоба мақұлданғанын жеткізді.
"Қазіргі таңда 6 нысан пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі 24 млрд 405 млн теңге. Мұнымен 871 жаңа жұмыс орны ашылады", - дейді Шахмерден Рыспаев.
Сөз арасында ол аудандағы 11 ықшамауданда ауызсу мен кәріз жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты.
"Жалпы ұзындығы - 333 шақырым, оның ішінде ауызсу құбыры - 180 шақырым, кәріз жүйесі - 153 км. Қазіргі таңда "Ақбұлақ", "Алғабас-АЗТМ", "Көкқайнар" сияқты бірнеше ықшамауданда 11 млрд теңгеге 102 шақырымды жаңа жолдың құрылысы жүргізілуде", - дейді аудан әкімі.