Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылдың 12 айы бойынша ауданда қазынаға 105,3 млрд теңге салық түсімдері қамтамасыз етілді және орындалуы 100,5%-ды құрады. Бұл туралы Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов онлайн брифингте айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, 2020 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудандағы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 98 млрд теңгені, ал өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 103,7%-ды құраған.
Ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін жалдамалы қызметкерлердің нақты саны 34 680 адамды құрайды. Аталған секторда жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы 178 173 теңге. Аудан бойынша 2020 жылдың басынан бері тіркелген заңды тұлғалардың жалпы саны 17 942, оның 17 762-сі шағын, орташа – 139, ірі – 41, - дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ол ауданда экономикалық даму үшін қолайлылық пен барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Ағымдағы жылы қызмет көрсету саласының жаңа нысаны – «Керуен» сауда-өндірістік орталығы енгізілді және 435 жұмыс орны құрылды. Салынған инвестициялар 1,5 млрд теңгені құрайды. Жалпы 2020 жылдың 11 айы ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 58,3 млрд теңгені құрады, НКИ 111,4%, - деді Сайфеденов.
Ауданның бөлшек тауар айналымы өткен жылдың 11 айында 258 млрд теңгені, көтерме 405 млрд теңгені, нақты көлем индексі 128,7%-ды құраған.