Алматы, BAQ.KZ. Алматыда 12 қарашада жаңбыр жауып, оның арты қарға айналды. Мамандардың айтуынша, түнде қалаға 4-7 см, ал таулы аймақтарға 10-12 см қар түскен.
Алматы әкімдігі көктайғақтың алдын алу мақсатында қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстарға, жолайырық кіреберістеріне арнайы материалдар себіліп, қар тазартылғанын хабарлады.
13 қарашада таңғы сағат 6.00-дегі жағдай бойынша көктайғаққа қарсы 1487 тонна материал пайдаланылды. Сондай-ақ, тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын тазарту жұмыстары жалғасуда, - делінген хабарламада.
Қаладағы қар тазалау жұмыстарына 567 техника, оның ішінде 174 құмлақтырғыш және 1485 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылады.