Салық кодексі бойынша шетелде оқыған студенттер стипендиясының, шетелден тапқан қосымша табысының 10%-ын салыққа төлеуі тиіс, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кеңсе мониторингі басқармасының бас маманы Қайрат Тұрымбетов баяндап берді.
Алматы қаласында 240 нысандағы декларацияны тапсыру мерзімі кірісті алғаннан кейінгі жылдан кешіктірілмеуі қажет. Сондай-ақ қала тұрғындары өздері тұратын ауданындардағы бөлімшелерімізге өз өтініштерін айта алады. Сондай-ақ үйден шықпай-ақ «1414» телефон номірлеріне хабарласып, мәселеңізді шешуге мүмкіндік бар. Еске сала кетейік, кіріс 2023 жылы алынған болса, онда декларация 2024 жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей тапсырылады, – деді спикер.
Департаменттің мәліметінше, азаматтардың келесі санаттары жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырады:
- жеке кәсіпкерлер;
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар;
- мүліктік кіріс алған жеке тұлғалар;
- Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден табыс алған жеке тұлғалар және т.б.
Жылдық табысқа жеке тұлғаның барлық кіріс түрлері кіреді. Мысалға, бұл қатарға тауарды сатудан, жұмысты орындаудан, өтеусіз алынған мүліктен, дивидендтер түріндегі табыстар, сыйақылар, ұтыстар, стипендиялар, мүліктік кірістер және т.б. жатады.
Декларацияны тапсыру мерзімдерін бұзуға келетін болсақ, бірінші рет ескерту беріледі, қайталап бұзу 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады.