Тұрғындар жаяу-жүргіншілер аймағы қоқысқа толғанына шағымданды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көктем келе Үлкен Алматы өзеніндегі су ластанып, әртүрлі қалдықтардың мекеніне айналған. Бұған арнайы барып, біз де көз жеткіздік.
Бүгінде бұл маңайда жағымсыз иістің шыға бастағаны сезіледі және адам жүретін жол мен баспалдақтардың ескіргені байқалады. Бұдан бөлек бетон қоршауларға салынған кей граффитилерде есірткі сататын интернет-дүкендердің трафареттік жарнамасы жазылған.
Сондай-ақ, өзен арнасының пластикалық бөтелкелер мен құрылыс материялдарына, қаңылтыр банкілер және басқа да қоқыстардың ордасына айналып бара жатқаны көрінеді.
Айта кеткен жөн, 2021 жылы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарына есеп беру кезінде Үлкен Алматы жағалауы абаттандырылатынын айтқан болатын. Алайда, әлі күнге дейін жағалаудың маңайында абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген.
Осы жағалауда күнде жүремін. Табиғатымыз көз алдымызда құрып бара жатыр. Көпірдің маңайында, ішімдікке тойып алғандарды көреміз. Демалыс орнымызға айналған мекеннің сұрқы қашып барады. Жағалаудың маңындағы орындықтарды жөндеу қажет. Жауапты адамдар өз ісіне мұқият болса, – дейді Айгерім Серікова есімді қала тұрғыны.
Мамандарының пікірінше, арна мен жағалаудың ластануына қала тұрғындарының өздері де кінәлі. Әр орындықтың жанында қоқыс жәшіктері болса да, адамдар қоқысты қалаған жерлеріне тастай салады. Сондықтан қоқыс пен темекі тұқылдарының әр жерде үйіліп жатқанында көреміз.