Алматыдағы зауыт ТМД елдерін көпір құрылымдарымен қамтамасыз етіп отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
1963 жылы ашылған «Алматы көпір құрылымдары зауыты» мегаполистің экспортпен айналысатын ірі кәсіпорындарының бірі. «АКҚЗ» компаниясы өз өнімдерін ТМД елдеріне және Қазақстан аумағында жұмыс істейтін Түркия мен Қытайдан келген компанияларға сатады.
Біз құм, қиыршық тас, цемент бәрін өзіміздің Қазақстан зауыттарынан алып, өз бұйымдарымызды шығарамыз. Компания өнімдерінің сапасы жоғары. Сондықтан зауыт өнімдеріне шетелден сұраныс жоғары. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей сынды көршілерімізге зауыт бұйымдарын экспорттаймыз, – деді Қалыптау цехінің басшысы Мадияр Жарылқапов.
Қазақстандық зауытпен 5 жылдан астам қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан шетелдік компаниялар да кәсіпорын өнімдерінің сапасы жоғары екенін айтады.
Біздің компания «АКҚЗ»-мен 5 жылдам астам уақыт бірге жұмыс істеп келеді. Біз осы зауыттан өндірілетін өнімдерге дән ризамыз. Ары қарай да темірбетон өнімдерін «АКҚЗ»-дан алуды жоспарлап отырмыз. Біз осы өнімдер негізінде бірнеше көпір жасадық әрі тапсырыс берушіге өткіздік. Ешқандай шағым болмады, – дейді Шаньдун Лучао компаниясының бас инженері Сунтао Сюэ.
Айта кеткен жөн, «АКҚЗ» ЖШС Global Quality Management Livited (Gqm) халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Шығарылған өнімнің жоғары сапасы үшін» XVIII халықаралық конкурсында екі халықаралық марапатқа ие болған.
Сондай-ақ «АКҚЗ» ЖШС 2014 және 2020 жылдары ҚР Президентінің «Алтын сапа», «Өнімнің мінсіз сапасы үшін» сыйлықтарын алды. Бұл марапат тарихында екі рет сыйлыққа ие болған Қазақстандағы жалғыз компания.