Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Панфилов ауданында жалға берілетін 40 тұрғын үй пайдалануға берілді, деп жазды 7-su.kz.
Тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 14 отбасыға осы айдың ішінде пәтер кілті табысталатын болады. Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов көпбалалы 13 отбасыға пәтер кілтін арнайы табыстап, көрімдік тарту етті.
Қоныстойын тойлап жатқан отбасыларды құттықтаған аудан әкімі биыл тағы 5 қабатты 240 пәтер салынатынын жеткізді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен тағы көпбалалы он отбасыға үй салып беруді жоспарлап отырғанын баяндады. Үш бөлмелі пәтердің кілтін алған 7 баланың анасы Жұпар Үмбетова көп жыл бойы пәтер жалдап қиналғанын айтты. Рамазан айының қарсаңында баспаналы болған қуанышты ана аудан, облыс әкімдігіне алғысымнан басқа айтарым жоқ дейді.
70 шаршы метрлік 40 үйдің құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. Мұнда жеке қоражай, арнайы қоймасы мен бірге әр үйдің сырты жеке-жеке қоршалған.
Айта кету керек, жыл басынан бері кәсіпкерлердің қолдауымен Панфилов ауданында 11 отбасы баспаналы болды. Жалпы үй кезегінде 2648 отбасы тұр. Оның ішінде 268-і көпбалалы отбасы санатында.