Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматылық оқушылар арасында экологиялық челлендж басталды

Кеше, 06:35
292
Бөлісу:
 Алматы қаласы әкімдігі
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және цифрлық шығармашылық дағдыларын дамытуға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы қалалық экологиялық челлендж басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Қала оқушылары арасында экологиялық ағартушылықты күшейту мақсатында «Экологиялық калейдоскоп» атты онлайн-челлендж өтуде. Оған Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының 1-11 сынып оқушылары қатыса алады.

Челлендждің басты мақсаты – білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыру, экологиялық сауаттылық деңгейін арттыру, сондай-ақ цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту арқылы табиғатты қорғау идеяларын кеңінен насихаттау.

Жоба аясында оқушылардың қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау мәселелеріне назарын аудару, креативті ойлау қабілеті мен цифрлық дағдыларын дамыту, экологиялық жауапты мінез-құлықты ілгерілету көзделген.

Қатысушылар графика, коллаж және анимация форматтарында электронды экологиялық ашықхаттар дайындайды. Жұмыстарда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды бөлек жинау, су мен энергияны үнемдеу, сондай-ақ «Таза қала – қауіпсіз болашақ» тұжырымдамасы қамтылады.

Челлендж бірнеше кезеңнен тұрады. Ақпараттық кезеңде білім беру ұйымдарында қатысу талаптары түсіндіріледі. Шығармашылық кезеңде оқушылар электронды экологиялық ашықхаттар әзірлейді. Челлендж-эстафета кезеңінде дайын жұмыстар әлеуметтік желілерде #ЭкологиялықКалейдоскоп, #ЭкоАлматы, #ТазаҚазақстан хэштегтерімен жарияланады. Қорытынды кезеңде ең белсенді қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторлары марапатталады.

Өзгелердің жаңалығы