Алматылық оқушы екі бірдей халықаралық университеттің грантын жеңіп алды

16 Сәуір 2019, 15:11
2503
Бөлісу:
Алматылық оқушы екі бірдей халықаралық университеттің грантын жеңіп алды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Селимжан Чалышкан екі бірдей халықаралық университеттің грантын жеңіп алды. Оның бірі әйгілі Гарвард университеті болса, екіншісі Абу-Дабидегі – Нью-Йорк университеті. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады. 

Селимжан Чалышкан – зияткерлік мектептің дарынды оқушыларының бірі. Қазақстанның биология пәні бойынша олимпиадалық командасына кірген ол бұған дейін бірнеше халықаралық білім байқауында жоғары нәтиже көрсеткен. Ғылыми жетістіктерінен бөлек зағип жандарға арналған «Оқып көр» инновациялық жобасы республикалық байқауда үздік деп танылған.

«Селимжан ол ізденімпаз, табанды, еңбекқор оқушы. Алдына бір мақсат қойса, сол мақсатқа жетпей қоймайтын оқушы. Сонысымен мақтанамын. Сол жеке қасиеті оны осындай биік шыңға алып шықты деп ойлаймын. Өйткені екінің бірі мұндай Гарвард университетіне немесе бірден екі университетке түсу мүмкіндігіне ие бола бермейді», - дейді физика-математика бағытындағы НЗМ биология пәнінің мұғалімі Раушан Бугуева. 

Әлемге әйгілі Гарвард университетіне түсу оңай емес. Былтыр 43 мың үміткердің 2 мыңы ғана арманына қол жеткізген. SAT Subjekt Tests халықаралық емтиханында көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Гарвард университеті Селимжанға арнайы шақырту жіберіпті. 

«Сэт ридинг бойынша 1600 сұрақтан 1480 балл алдым. Сосын биология, химия, математикадан таспырған кезде мен математикадан 800-ден 800-ін алдым. Биологиядан 800-ден 800 алдым. Химиядан 470 алдым», - дейді Селимжан Чалышкан.

Сондай-ақ, Селимжан биыл Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің толық грантына ие болыпты. Әлемнің ең дарынды жастары білім алатын жоғары оқу орнына үміткерлердің тек 3%-ы ғана қабылданады. Селимжан наурызда университеттің шақыртуымен білім ордасына барып, жұмысымен танысып қайтыпты. Енді ол осы екі оқу орнының бірін таңдайды. 

«Мен әлі шешкен жоқпын. 1 мамырға дейін жауабын беру керек. Менің ойымша, екі университет те өте мықты. Яғни, әрбір университеттің артықшылықтары мен кемшіліктері бар», - дейді оқушы. 

Айта кетейік, өткен жылдың соңында физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Ақназар Қажымұрат халықаралық емтиханнан ең жоғары 2400 балды жинап, Гарвард униерситетінің грантын жеңіп алған.

Өзгелердің жаңалығы