Алматы, BAQ.KZ. Орталық қалалық клиникалық ауруханада жылдар бойы гипертонияның агрессивті түрінен зардап шеккен 40 жастағы ер адамға ота жасалды. Операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында іске асты. Бұл туралы аталған аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.
Орал қаласынан келген науқастың жоғары қан қысымымен ауырғанына көп жылдар болған. Көп жағдайда қан қысымы 220-ға дейін көтерілетін, соңғы кезде дәрінің де көмегі тимей қалды, дейді ол.
Бұл дертке шалдыққаныма көп жыл болды. Қанша уақыттан бері дәрінің де түр-түрін іштім, қан қысымы аздан кейін қайта көтеріліп кететін. Бір жыл бұрын микроинсульт алдым. Ем іздеп тіпті, Ресейге де бардым, бірақ ол жақтың дәрігерлері де толыққанды ем жасаған жоқ. Осы ауруханада жақсы мамандар бар дегенді естіп МӘМС бойынша жолдама алып келдім, - деді Батыс Қазақстан облысының тұрғыны.
Дәрігерлер ангиография нәтижесінде оң жақ бүйректегі артерияның мойны тарылғанын анықтады.
Хирург Сұлтан Илиев стенозға шалдыққан бүйректегі күретамырға стент орнату туралы шешім қабылдады. 20 минутта сәтті өткен операция жергілікті жансыздандыру арқылы ешбір тіліксіз жасалды.
Пациенттің қан қысымы операция залында-ақ 120/80-ге түсті. Бүгінде оның жағдайы жақсы, дәрі ішпейді. Қазір үйге шығаруға дайындап жатырмыз, - деді хирург.
Маманның айтуынша, ұзақ уақыт артериалды гипертензиямен ауыратын науқастар бүйректегі күретамырды тексерткені жөн.