Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы Алатау ауданы прокурорының экс-орынбасарының өлімінен кейін ұсталған алматылық дәрігерлер ісіне қатысты пікір білдірді.
«Біріншіден, Ішкі істер министрлігі де, Серік Күдебаевтың ұлы жұмыс істеген прокуратура да тергеу жүргізген жоқ. Тергеуді үшінші орган Экономикалық тергеу қызметі жүргізді. Министрлік тарапынан, прокуратурадан қысым болған жоқ. Аталған орган өздері осындай шешім қабылдады. Ал санкцияны қай кезде болмасын сот тағайындайды», - деді Тұрғымбаев.
Оның сөзінше, тергеу жүргізуді Экономикалық тергеу қызметіне беру шешімін прокуратураның өзі қабылдаған.
«Егер мүдделі болса немесе қызметкерлердің басқа органдарда басшылық ететін адамдармен туыстық қатынасы болса, іс үшінші құқық қорғау органына беріледі. Мұнда прокуратура Экономикалық тергеу қызметіне беру туралы шешім қабылдады», - деді Ішкі істер министрі.
Еске сала кетсек, 27 тамызда Алматы полиция департаментінің бастығы Серік Қүдебаевтың ұлы Алматы қаласы Алатау ауданы прокурорының орынбасары Нұрсұлтан Күдебаев Германияда көз жұмды. Осы іс бойынша 2 қыркүйекте анестезиолог Асқар Тұңғышбаев, 22 қыркүйекте Алматы қалалық №4 аурухана бас дәрігері Қанат Тезекбаев ұсталды.
Президент Алматыдағы №4 қалалық аурухананың бас дәрігері және анестезиологының тұтқындалуына қатысты істі заңға сәйкес тексеруді тапсырды. Ал 25 қыркүйекте бас дәрігер Қанат Тезекбаев ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандыққа шығарылды. Бұл туралы оның адвокаты Қайрат Байбазаров айтты.