Алматылық дәрігерлер бірегей ота жасап, пациенттің аяғын теңестірді

2 Ақпан 2022, 21:29
2269
Бөлісу:
Алматылық дәрігерлер бірегей ота жасап, пациенттің аяғын теңестірді

Алматы, BAQ.KZ.  Орталық қалалық клиникалық аурухана дәрігері, ортопед Қанат Тәуекелов Қызылордадан келген 34 жастағы тұрғынның аяғына күрделі операция жасады. Бірегей ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.  Бұл туралы Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Операция нәтижесінде пациенттің сол аяғы 5 сантиметрге ұзартылып, аяқтары теңестірілген.

Дәрігерлер науқасқа «Жамбас сүйегінің туабітті кемістігі. 3-типтегі CROWE» диагнозын қойған. Ортопед маманның айтуынша, жігіттің оң аяғы сол аяғынан 6 см ұзын болған. Сондықтан ол бала күнінен балдаққа сүйеніп жүрген.

Біз эндопротездің көмегімен сол жақ жамбас сүйегін толық ауыстырып, сол жақ жамбасты анатомиялық жағынан ұзарттық, - дейді клиниканың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекелов.

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, жамбас буынын эндопротездеу кезінде жамбастың басы, мойны мен ұршық толығымен жасанды протезге ауыстырылады.

Мұндай жағдайда жамбас сүйегінің остеотомиясы деп аталатын тәсіл жақсы нәтиже береді. Ол аяқтағы ақауды түзетіп қана қоймай, аяқтың қызметін де айтарлықтай қалпына келтіруге көмектеседі. Ота 2,5 сағатқа созылды, - деп атап өтті дәрігер.

МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев МӘМС пакеті арқылы осындай күрделі операцияларды жасатуға болатынын жеткізді.

Сақтандырылған тұрғындар бағасы қымбат болып келетін, жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызмет түрлерін қажетінше пайдалана алады, - деді ол.
 

Өзгелердің жаңалығы