Алматылық құтқарушылар жасөспірімді судан құтқарып алды

19 Шілде 2021, 09:40
1371
Бөлісу:
Алматылық құтқарушылар жасөспірімді судан құтқарып алды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының ТЖД, 109 құтқару қызметінің мамандары, полицейлер мен еріктілер қаланың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді жалғастыруда. 

18 шілде күні кешкі сағат 17.00-де 16 жастағы жасөспірім Сайран көлінің жанында туыстарымен демалып отырған, кенеттен толқын оның аяқкиімін 15 метр қашықтыққа алып кеткен. Жас жігіт аяқ киімін алу үшін бірден суға сүңгиді. Тереңге бойлап кеткен жасөспірім бойын үрей басып, бала суда тұншыға бастайды.

Бұл уақытта 109 қызметінің құтқарушылары жағалаудан жас жігіттің батып бара жатқанын көріп, құтқару шеңберін лақтырып, уақытында көмек көрсетті. Олар суға батып бара жатқан жас жігітті жағалауға жеткізіп, ата-анасына аман есен табыстады. Медициналық көмек қажет болмады,-делінген хабарламада.

Атап өту қажет, қаланың су қоймаларында демалушылар қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, арты осындай қайғылы жағдайға әкеледі. 

Қаланың су айдындарында жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында ТЖД, ПД қызметкерлері, 109 қызметінің еріктілері мен құтқарушылары демалыс күндері патрульдеу жұмыстарын жүргізеді.

Сайран көлінде ҚР ӘҚБК 440-бабына сәйкес патрульдеу кезінде қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 26, 30, 36 жастағы үш ер адамға айыппұл салынды. Олардың барлығы су айдынында алкогольдік мас күйінде болған, ал 5 адам тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін ҚР ӘҚБК 364-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған,-делінген хабарламада. 

Халықпен алдын алу жұмысында ТЖД белсенді көмекшілері «Лидер кз», «Қазақстан Еріктілер лигасы» еріктілері бірге жұмыс жасауда. Екі күн ішінде 300-ден астам суға шомылуға келушілермен түсіндіру әңгімелер өткізіліп, шомылу кезіндегі қауіпсіздік жадынамалары таратылды.

ТЖД Алматы қаласының барлық тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы