Алматы, BAQ.KZ. Алматыда Білім беруде жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталық базасында қалаға оқушылар үшін 500 ноутбук салтанатты түрде тапсырылды.
SALIQALY URPAQ» қайырымдылық қоры оқу озаттары мен жақсы оқитын оқушыларға еш қайтарымсыз 500 ноутбукты пайдалануға берді. Қазіргі уақытта қашықтан оқу форматын ескере отырып, бұл өте жақсы көмек. Бұл балалардың сапалы білім алуларына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Атап өтетіні, карантин біткеннен кейін аталған ноутбуктар балаларға сый ретінде қалады. Бұл компьютерлер балаларға олимпиадаларға, ғылыми зерттеулерге қатысқан кезде қажет болады, - деді Ләззат Жылқыбаева.«SALIQALY URPAQ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабековтың айтуынша, негізгі мақсат – балалардың болашағана үлес қосу.
SALIQALY URPAQ» қоғамдық қоры түрлі себептермен ноутбук сатып ала алмайтын отбасыларға көмектесу үшін 500 ноутбукты Алматы қаласының Білім басқармасына берді. Біздің мақсатымыз – ұрпағымыздың білім алуына үлес қосу, себебі білімді ұрпақ – елдің болашағы. Бүгінгі акцияның көмегімен біз балалар мен ұрпағымыздың жарқын болашағына себепкер болып отырмыз», - деді Қасым Қасабеков.Шара барысында Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарының көпбалалы аналарына жаңа ноутбуктар табыс етілді.
Қашықтан оқыту кезінде Алматы әкімдігі бізге көп көмектесті. Мектептен бізге екі ноутбук және екі сим карта бөлінді. Үйде 6 бала болғаннан кейін, өкінішке қарай, оқуға екі ноутбук бізге аздық етті. Енді қазір бізге «SALIQALY URPAQ» қоры тағы бір ноутбукты сыйға тартты. Алғысымыз шексіз. Бұл балаларымның оқуда жоғары жетістіктерге жетулеріне көмектеседі деп ойлаймын, - деп алты баланың анасы Жаңылсын Отбаева алғысын білдірді.Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алуда оқу жылының басынан бері Алматы қаласының барлық мектептері қашықтан оқу форматына ауыстырылғанын еске саламыз.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен бюджет қаржысының есебіне 77 мың мұғалім мен оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде. Бүгінде шамамен 50 мыңы берілді. Қалған техника 15 қыркүйекке дейін тапсырылады. Ата-аналармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.