Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлімдеді.
Оның айтуынша, карантиндік шектеу шараларына қарамастан 1-ші тоқсанның қорытындысы бойынша қалаға тартылған инвестициялардың көлемі 34,5%-ға өсіп, 191 млрд теңгені құраған. Инвестиция көлемі бойынша қала Атырау облысынан кейін екінші, ал өсу қарқыны бойынша Түркістан облысы мен Шымкент қалаларынан кейін үшінші орынға ие болған.
Қаңтар-наурыз айларының ішінде сыртқы инвестициялардың көлемі – 33,4 млрд теңгені, нақты көлемінің индексі – 185,1%-ды, ішкі инвестициялардың көлемі – 157,6 млрд теңгені, нақты көлемінің индексі – 127,1%-ды құрады. Инвестициялар үш көзден тартылды, оның негізгі үлесі кәсіпорынның меншік иелерінің өздеріне – 68,8% (131,5 млрд теңге), қарыз қаражаттарына – 17,4% (33,1 млрд теңге), мемлекеттік бюджетке – 13,8% (26,4 млрд теңге) тиесілі болды, - деді басқарма басшысы.
Осы жылғы қаңтар-наурыз айларында инвестициялардың айтарлықтай көлемі мына салаларға тартылған: жылжымайтын мүлік – 82,9 млрд теңге, көлік және қоймалау – 25,6 млрд теңге, өнеркәсіп – 15,1 млрд теңге, қаржы және сақтандыру қызметі – 14,7 млрд теңге, ақпарат және байланыс саласына – 8,1 млрд теңге.
Сонымен бірге 2021 жылы 9,5 бірліктен астам жұмыс орнын құра отырып, сомасы 362,1 млрд теңгені құрайтын 86 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.