Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі, Телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали онлайн брифингте айтты.
1 ақпаннан сәуірге дейін вакцинаның 15 750 дозасы келіп түсті. 1-компонент бойынша 100% игерілді. Ревакцинация жүріп жатыр. Екінші компонент бойынша 3 810 адам қабылдады. Бүгін БМСК бойынша вакцинаның 4-транш бойынша 21 860 доза бөлінді, - деді ол.
Сондай-ақ ол қаланың инфекциялық стационарында 2 849 адам жатқанын мәлімдеді.
Оның 107-сі бала. Аса ауыр жағдайдағы науқастар саны – 45. Өкпені жасанды желдету аппаратында 8 науқас жатыр, өкпені жасанды желдетудің инвазивті емес аппаратында – 58 науқас бар. Жалпы қала стационарларында 5 мыңдай төсек-орын әзірленген, - дейді Мырзағали.
31 наурыз күні коронавирустық инфекцияның 515 жаңа жағдайы тіркелген, оның 434-і симптомдық белгілері бар және 81-і симптомсыз.
Лаура Мырзағали сөз арасында ауруханада науқастарды емдеуге қажетті дәрі-дәрмек пен тамақ та жеткілікті екенін айта келе ауруханадағы науқастарға тамақ апармауды айтты.
Өзім де ауруханада жатып ем алдым. Сонда жақындарым мен достарыма тамақ әкелуге тыйым салатынмын. Кеше қызыл аймақтағы науқастардың жағдайын көріп қайттым. Сонда байқағаным, науқастардың туыстары қуырылған бәліш беріп жіберген. Ол науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Қуырылған бәліш беруге болмайды. Біз ем алу режимін бұзбауымыз керек. Аурханада берілетін тағамдар науқас үшін пайдалы және оның тез сауығып кетуіне ыңғайланған. Яғни оны қорытудағы зат алмасу - бәрі есептелген, - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін желіде ауруханада нашар тағамдар беріп жатыр деген видео тараған болатын.