Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы коронавируске қарсы вакцинаның қанша дозасы қалғаны туралы түсінік берді.
Басқарма мәліметінше, қазір Алматыда «Спутник V» вакцинасының 2-ші компоненті жеткілікті деңгейде. Мәселен, 4 транштан – 446, 5 тарнштан – 634, 6 транштан – 2091, 7 транштан – 7152 доза қалған.
Қала бойынша «Спутник V» вакцинасының 2-ші компоненті №4 қалалық емханада, Mega ойын-сауық орталығында, №29 қалалық емханада және өзге де медициналық ұйымдарда бар. Екпе салу орындарында вакцинаның бірі бітіп қалса, науқас басқа екпе орнына жіберіледі,-деп мәлімдеді Денсаулық басқармасы.
Қала бойынша күніне 1200-3000 дейін адам вакцинаның 1 және 2-ші компонентін салдырады екен. Басым көпшілігі вакцинаның 2-ші компонентін алып жатыр. 2-ші компоненттің қорда тұрған 13 688 дозасы 6-7 күнге ғана жететін көрінеді. Медицина орталығының көпшілігінде 30-дан 300-ге дейін ғана доза бар.
45 серия бойынша сапа және қауіпсіздік сертификаты жеткізілді. Сондықтан бүгіннен бастап «Спутник V» вакцинасы екінші компонентінің 36 мың дозасы Алматының екпе орындарына жеткізіледі,-деп мәлімдеді Денсаулық басқармасы.
Бұған дейін желіде екпе орындарында вакцинаның екінші компоненті бойынша тапшылық орын алғаны туралы мәлімет тараған.