Алматыға келетін туристер саны биыл 40%-ға төмендеген

17 Қараша 2020, 14:44
1933
Бөлісу:
Алматыға келетін туристер саны биыл 40%-ға төмендеген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Соңғы 5 жылда Алматыға келетін туристер саны өскенімен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл қайта төмендеп отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқарма басшысының орынбасары Марат Айнабеков онлайн брифинг кезінде айтты.

2019 жылға дейін Алматыға келетін туристер көрсеткіші жоғары болды. Соңғы 5 жылда шетелдік туристер қарқыны 5 есе, ішкі туристер саны 2 есеге артқан. 2019 жылы Алматыға 1,3 млн турист келген. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл туристер саны едәуір қысқарып, өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға төмендеген. Шетелден келетін туристер саны 63%-ға азайды, - деді ол. 

Оның айтуынша, Алматыға әсіресе он елден туристер жиі келеді екен. Олар көрші Ресей, ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Украина және Германия. Сондай-ақ, Алматыға туристер негізінен қызметтік мақсатта келетін көрінеді.

Алматыда ірі компаниялардың орталықтары орналасқан, сондай-ақ инвестиция салатын қала болғандықтан, туристер көбінде осы қызметтік мақсатта келген. Оған қоса Алматы қаласының тарихы терең, «мың жылдық тарихы бар, мың бояулы қала» дейміз. Қола дәуіріндегі петроглифтерден бастап, таңбалы тас, Сақ қорғандары және Кеңестік замандағы сәулет өнерлері бар. Сондықтан этно-мәдени сала бойынша да туристер көп келеді, - дейді Айнабеков. 

Сөз арасында ол туристік нарықта негізінен Ресей, Араб және Қытай елдеріне басымдық беріп отырғандарын жеткізді. 

Өткен жылы Араб мемлекеттері бізге үлкен қызығушылық танытты. Сауд Арабиясынан келетін туристер көрсеткіші 125%-ға жеткен, ал Біріккен Араб Әмірліктерінен келетін туристер саны 82%-ды құрап, 7 мың адамға жетті. Осы нарықтың әлеуеті жоғары екенін байқаған соң, маркетингтік стратегиямызды осы елдерге бұрып отырмыз, - деп атап өтті ол.


Өзгелердің жаңалығы