Іздеудегі 63 жасар азамат жалған деректермен Бельгияда жасырынып жүрген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласы криминалдық полициясының мәліметінше, қылмыскер 1997 жылы маусымда Новосибирск қаласында отандасымызды ұрлап, өлтіруге қатысқан және кезінде оны босату үшін туыстарынан 100 мың доллар талап етіп алдын ала сөз байласқан адамдар тобында болған.
Тергеу барысында қылмысқа қатысушылар ұсталып, оларға түрлі жазалар тағайындалды. Сот органдарынан қашып кеткен қылмыскерлердің біріне қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, сондай-ақ мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланды. Іздеудегі азамат жалған деректермен Бельгияда жасырынып жүргені белгілі болды. Алматы қалалық Прокуратурасының үйлестіруімен және Интерполдың көмегімен күдікті ұсталып, Алматы қаласына жеткізілді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.