Алматы халықаралық әуежайы Air China әуе компаниясының Чэнду – Алматы бағытындағы бірінші рейсін салтанатты түрде қабылдады. Рейс Қытай Халық Республикасының Чэнду Тяньфу халықаралық әуежайынан ұшып келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері Airbus A320 ұшақтарымен орындалады.
Алматыдан ұшу уақыты – 21:30, Чэндуға келу жергілікті уақытпен келесі күні 04:30. Чэнду – Алматы бағытындағы ұшу уақыты шамамен 3,5 сағат, кері рейс шамамен 5 сағатқа созылады.
Алматы халықаралық әуежайы мәліметінше, жаңа бағыттың ашылуы жолға кететін уақытты минимум 7 сағатқа қысқартады, бұл трансферлермен ұшулармен салыстырғанда тиімді.
Айта кетейік, Чэнду “үлкен пандалар қаласы” ретінде танымал. Бұл қала сирек кездесетін жануарларды қорғау және сақтау орталығы болып саналады.