Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 117 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша кітап сатып алу жоспарланған.
Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірыңғай сатып алу терезесі арқылы мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді.
Мониторинг бірқатар мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жоспарланып отырған тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағаны көтеру фактілерін көрсетті.
Ағымдағы жылы мегаполистің жоғары оқу орындарының бірінде 117 млн теңге сомасына 1 дана көлемінде кітап сатып алу жоспарланған болатын. Мониторинг барысында сипаттамаларда тауарлардың атауы, сондай-ақ жоғарыда аталған кітаптың авторы жоқ екендігі анықталды, - деді агенттік өкілі.
Департаменттің ұсынымдық хатынан кейін ұйым мемлекеттік сатып алу жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылдады.
Мекеме атап өткендей, жылдық жоспарды мемлекеттік сатып алу порталында орналастыру кезінде техникалық қателік жіберілген, онда жоспарланған жұмыстарға сәйкес 1 кітап емес, бір лот көрсетілген.
Айта кетейік, 2021 жылғы мониторингке сәйкес Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды.