Алматыда адам өліміне әкелген резонансты жол апатына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізілуде.
Бүгінде қызметтік тексеріс өткізіліп жатыр. Басты күдікті реанимацияда, одан кейін қамауға алынады. Ал әрекетсіздік жасаған полиция қызметкері бойынша ақпарат шықты. Ол жан-жақты тексерілуде. Нәтижесі дайын болған соң хабарлаймыз, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов.
Еске салайық, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі мас күйде болған.
Сонымен қатар Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Жол апатында қаза тапқан 29 жастағы Mercedes жүргізушісінің қорғаушысы Олег Чернов тергеу аясында бірқатар процессуалдық өтініш білдірді. Атап айтқанда, ол кешенді сараптама жүргізу үшін бейнежазбаларды және қоңыраулардың детализациясын талап етуде. Бұл шаралар апаттың нақты себептерін, соқтығыс жылдамдығын анықтауға бағытталған.
Қазіргі уақытта Zeekr көлігінің жүргізушісі мен құқық қорғау органы қызметкері күдікті ретінде қарастырылып отыр. Тергеу жалғасуда.
Айта кетейік, қайғылы жол апаты 21 наурыз күні таңғы сағат 03:30 шамасында Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған.