Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтардың төртінен басталған дүрбелеңнен кейін Алматы қалпына келе бастады.
Бүгінгі таңда қаладағы жағдай бірқалыпты. Төтенше жағдай енгізілген кезде шаһарда азық-түлік тапшы болған еді. Қазір барлығы біртіндеп қалпына келуде. Бүгінде нан, картоп, ұн өнімдері т.б әлеуметтік маңызы бар азықтар қала тұрғындарына жеткілікті. Дегенмен, дүкендерде сүт өнімдері жетіспеуде. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған Алтын Орда т.б базарлар мен шағын маркеттердің жұмысы жанданды. Ірі базарлардағы азық-түліктің бір бөлігі Талдықорған қаласына жіберіледі. Дегенмен ол жерлерде бақылау күшейтілген.
Көшедегі көптеген бағдаршамдар істен шыққан. Істелмеген күйінде тұр. Бұған дейін көшеде нөмірсіз жүрген көліктер көбейіп кеткен болатын. Қазір қалада тәртіп орнатылып, нөмірсіз көліктер бақылауға алынды.
Алматы әкімдігінің ғимараты бақылауға алынған. Әкімдік жанындағы алаң толық қоршалған. Онда ешкімді кіргізбейді. Көшеде қираған, өртенген көлік пен ғимарат қалдықтары әлі де жатыр.
Сонымен қатар Kaspi bank, Halyk bank мобильді қосымшалары жұмыс істей бастады. Банкоматтың алдындағы ұзын-сонар кезек азайды. Алматы біртіндеп қалпына келіп жатыр.
5 қаңтардан бастап көлік тоқтаған. Сондай-ақ халық интернетсіз отыр.
Естеріңізге салайық, бүгін Алматыда қалаға кіретін және шығатын жерлерге бақылау бекеттері орнатылды. Лаңкестік басталғалы қаладағы жанармай бекеттері жұмысын тоқтатты.