Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы Ұлттық парк аумағынан «Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілер табылды.
Полиция департаментінің мәліметі бойынша олардың жасырылған жерін жаппай тәртіпсіздікке қатысып, қолға түскендер айтқан. Жедел іздестіру шарасы ұйымдастырылып, жер үсті кәріз құдығынан қапқа салынған тапаншалар, оқ-дәрілер және полиция қызметкерінің формалары табылды.
Сондай-ақ шығысқазақстандық полицейлер Өскемен қаласында орналасқан гараждардың біріне тығылған қару-жарақтарды тапты. Тінту кезінде ТТ маркалы тапанша, шолақ мылтық, 450-ден астам түрлі калибрлі оқтар тәркіленді. Қазір 47 жасар ер азамат қару-жарақты не үшін сақтағаны және оларды қылмыстық мақсатта пайдаланғандығы анықталып жатыр.
Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті.