2040 жылға қарай Алматы қаласында 5 полиорталық құрылады. Жаң жобаға сәйкес, қала халқының басым бөлігі сонда тұрмақ. Бұдан бөлек, магистральдық қоғамдық көлік БРТ, LRT, метро дәліздері халыққа қол жетімді болмақ, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.
Мамандардың пікірінше, болашақта қала халқы 3 млн-ға жетеді. Қоғамдық көліктерге тапшылық туындамас үшін жүрдек автобус пен метро желісі де ұзарады. Үкімет бекіткен жаңа жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін 45 шақырымдық жеңіл рельсті көлікті, яғни ЛРТ желісі салынады. 10 жылдан соң оған тағы 76 шақырым қосылмақ. Сондай-ақ, қалаға кіретін 4 магистральді жолды кеңейту қарастырылған.
Қаланың бас жоспарын әзірлеуші, көлік сарапшысы Роман Барабановтың айтуынша, электр мен газбен жүретін көліктердің саны артады.
Алматыда LRT желісі Төле би көшесімен өтеді. Содан кейін трамвай Орбита ықшам ауданына, тұңғыш президент саябағына, батыста «Барлық» автовокзалына, Боралдай индустриялық аймағына, Алматы-3 теміржол вокзалына (болашақта салу жоспарланған), мегаполистің төменгі жағымен әуежайға барады. Сонымен қатар, қала экологиясына зиян тигізбеу мақсатында қоғамдық көліктерді электр мен газбен ауыстыруға ниеттіміз. Метро, БРТ, LRT (жеңіл рельсті трамвай), сондай-ақ бөлінген жолақтар қаланың белгілі бір жерлерінде қалалық және аудандық маңызы бар жерлерде жүреді, – дейді көлік сарапшысы Роман Барабанов.
Алматылықтар LRT жобасының қаражаты қадағаланса дейді. Сондай-ақ, жаңа желі Алматы метрополитені секілді 23 жылға созылама деп қауіптенеді.
Қаламыз күн сайын жаңарып, жақсарып келеді. 2011 жылы метрополитен қолданысқа берілгенде бәріміз қуандық. Десе де қуанышымыз көпке созылмады. Метроның қызығын көпшілігі көріп жатыр деп айта алмаймыз. Төле би көшесіне LRT желісі салынады деп жатыр. Әрине, бұл жағымыды жаңалық. Алайда, жөндеу жұмыстары 20 жылға созылса, көше жабылып, жүріп-тұрумыз қиындап кетуі мүмкін. Онсызда көлік кептелісінен көз ашпаймыз. Сондай-ақ, қомақты қаражат бәз біреулердің қалтасында кетіп «Астананың күйін кешпейміз бе?» деген уайым бар, – дейді қала тұрғыны. Мағжан Нұрсейт.
Экономистердің пікірінше, қазіргі уақытта LRT желісінің қажеттілігі ірі қалаларда байқалады. Алдағы уақытта аталған жобаға халық, қоғам тарапынан бақылау күшейеді дейді.
LRT желісі экономикалық тұрғыдан ірі қалаларға керек. Алматыға ерте ме кеш пе, қажеттілігі туындайды. Менің ойымша, жоспарды қазірден бастап, қолға алу қажет. Көптің көкейінде «Астананың күйін кешпейміз бе?» деген қауіп бар. Ол өте орынды. Меніңше, біз бұл салада біраз тәжірбие жинадық, қателіктерге жол бермейміз деген үміттемін. LRT желісінде халық, қоғам тарапынан бақылау болады. Қазірдің өзінде қалаға жерүсті метросының қажеттілігі сезіледі. Жер асты метросы біраз мәселені шешіп жатса да, жеткіліксіз. Күнде көлік кептелісі болатыны жасырын емес, – деді Экономист Мақсат Халық.
Айта кетейік, LRT желілері әлемнің 53 елінде, 388 қалада бар. Жерүсті метросын 45 млн жолаушы қолданады. LRT құрылысы алғаш рет 1950-70 жылдары қолға алынған. 2016 жылы әлемнің 19 елінде 289 шақырым желі іске қосылған.