Алматы, BAQ.KZ. Алматыдағы хайуанаттар бағында аң-құс саны өткен жылы екі есеге көбейген. Шетелдік әріптестермен білім алмасқан зообақ қызметкерлерінің тәжірибесі де артқан. Бұл туралы Хабар24 жазды.
Аумағы 21 гектар жерді алып жатқан Алматы хайуанаттар бағында аң-құстың 400-ге жуық түрі бар. 2020 жыл әлем халқы үшін күрделі жыл болды десек, хайуанаттар үшін жаман болмапты. Алматы зообағы былтыр 162 төл алғандарын айтады. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екен. Карантин уақытында баққа келушілерге тыйым салынғаны белгілі. Сондықтан жыртқыштардың емін-еркін тыныстап, балаларын өсіруге ешкім кедергі келтірмеген.
Тағы бір себеп жылдан жылға зообақ қызметкерлерінің де тәжірибесі артып келеді, дейді мамандар.
Біз көп шетел зообақтарымен қарым-қатынастамыз. Ресей, Еуропа, Шығыс Азия зообақтарымен. Тәжірибе аламыз. Олар бізбен бөліседі. Бізде мысалы, бөлісетін көп нәрсеміз бар. Мысалы, Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстармен бүкіл шетелде танымал. Сондықтан бізде өзіміздің тәжірибемізбен бөлісеміз,- дейді Алматы хайуанаттар бағы даму бөлімінің жетекшісі Ақжәми Рахимова.
Хайуанаттар бағындағы басты жаңалықтардың бірі былтыр күзен тұқымдас Харзаның бірінші рет төлдеуі. Сондай-ақ 8 жылдан бері ұрпақ өрбітпеген қозықұмай құсы биыл балапан шығарса, тұяқтылар бөлімінде теңбіл бұғы да төлдеген. Әлемде жоғалудың аз алдында тұрған Пржевальский жылқысы тура құрбан айт күні туғандықтан құлынына зообақ қызметкерлері Құрбангүл деген есім беріпті. Ал Оңтүстік Африкадан келген Хан мен Сұлу есімді керіктердің Ханзада есімді баласы өткен жазда өмірге келген. Түйеқұстардың да саны артқан.
Жапон тырнасының балапаны қазір бөлек тұр. Ол сол жерде жұмыс істейтін тәтенің ылғи да жанында жүреді. Ол кісі бес күн істеп, екі күн демалады. Сол кезде екі күнге орнына басқа кісі барғанда ол кәдімгідей ол кісіні бөтенсіп тұрады,- дейді экзотикалық құстар бөлімінің меңгерушісі Айжан Сыбанбекова.Дәл осы Алматы хайуанаттар бағында 49 жыл өмір сүрген қолтырауынның кайман деп аталатын түрі бар. 2002 жылы Германиядан әкелінген жыртқыштың жалпы өмір сүру уақыты 40 жыл екен. Мамандар 2021 жыл да хайуанаттар бағы үшін табысты болады деген үмітте.