Алматыдағы эпид ахуал: реанимация бөліміндегі науқастар саны үш есе артты

22 Шілде 2021, 14:15
3335
Бөлісу:
Алматыдағы эпид ахуал: реанимация бөліміндегі науқастар саны үш есе артты

Алматы, BAQ.KZ. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мегаполистегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы салдарынан коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі қалалық штабтың жұмыс кеңесін өткізді. 

Кеңеске қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Н. Табынбаев, аумақтық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, мегаполистің мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ж. Бекшин, аудандық әкімдіктер мен бейінді басқармалардың өкілдері қатысқаны айтылады.

Басты мақсат – инфекцияның таралуына қарсы күрестің қосымша шараларын қабылдау және мутацияланған COVID-19 штамының айналымын ескере отырып, медициналық қызметке мұқтаж пациенттер санының артуына орай денсаулық сақтау жүйесі инфрақұрылымының дайындығын қамтамасыз ету.

Бүгінде Алматыда 86 мыңнан астам КВИ жұқтырған жағдай тіркелген, оның ішінде соңғы тәулікте тіркелгендер саны - 993 жағдай. Сонымен бірге, тәулік сайын 400-ден астам науқас ауруханаға жатқызылуда, бұл емделіп шыққандар санынан 2 есе көп. COVID-19-пен 3099 пациент стационарлық емделуде жатвр, ал реанимация мен интенсивті терапияда 228 науқас жатыр,-делінген хабарламада.

Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров шілде айының басынан бері реанимация бөлімінде жатқан науқастар санының үш есеге артқанын, үй карантиніндегі пациенттердің динамикасы (5821 науқас) өткен айда 6 есеге өскенін атап өтті. Барлық инфекциялық стационарларда төсек орындардың жүктемесі 50%-дан асады. Сондықтан тамыз-қыркүйек айларына арналған болжамды жағдайларды және қаладағы аурулардың қарқыны мен деңгейін ескере отырып, қалада резервтік инфекциялық төсектерге қажеттілікті анықтау тапсырылды (қолданыста 6 090 төсек-орын бар) және оларды пайдалануды бастау қажет.

Сонымен бірге, кадр резервін қамтамасыз ету және оларды ковидті терапияға үйрету, вакцинация төлқұжаттарының қолдан жасалуымен күресу және алдын-алу бойынша нұсқаулар берілді.

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі Қалалық штаб алматылықтарды қорғаныс шараларын – бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, сонымен қатар вакциналану мәселесін кейінге қалдырмауға шақырады, өйткені бұл инфекциядан қорғаудың жалғыз әдісі.


Өзгелердің жаңалығы