Бұған дейін жекешелендірілген «Барыс-4» көтерме сауда базары мемлекет меншігіне қайтарылады. Алматының экономикалық соты осындай үкім шығарды.
Іс материалдары бойынша, 2013 жылғы желтоқсанда «Найза-БН» компаниясы мемлекеттен «Барыс IV» базарын сатып алған. Мәміле шартын Алматы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жасаған. Бұған дейін Бас прокуратура бұл нысан бес есе төмендетілген бағамен сатылғанын хабарлаған болатын. Нарықтағы құны 1,5 миллиард теңге болса, ол 307 миллион теңгеге сатылған.
Осыған байланысты Алматы прокуратурасы осы шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арыз түсірген.
Алматы қалалық сотынан мәлім еткендей, құзырлы мемлекеттік орган заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы мемлекет үлесін жекешелендіру кезінде заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар жасаған. Бұл, прокурордың талап қоюына негіз болған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында талап-арызда көрсетілген деректер расталған. Құзырлы орган өкілі жекешелендіру мәмілесі мемлекет мүддесіне шығын келтіре отырып жасалғанымен келісті.
Мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болған себеп – сатып алушыға заңсыз жеңілдіктер мен артықшылықтар беру, оның соңы нысан құнының төмендетілуіне алып келген. Сотта мемлекеттік мүлікті арзандатылған бағамен сату дерегі расталды, - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Сотта сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылды.
Алматы прокуратурасының талап-арызы қанағаттандырылып, сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылсын. Соңғы шешім шығарылған күннен бастап бір ай ішінде сот шешіміне апелляциялық және прокурорлық өтінішхат беруге болады», - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.