Алматыдағы “Перзент” жеке қайырымдылық балалар үйінде болған өрттен кейін тәрбиеленушілер жақын арада от тимеген ғимаратқа қайта орналастырылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазір 27 бала уақытша санаторийге орналастырылған, сегізі ата-аналарына берілген. Бірнеше күн ішінде тәрбиеленушілер өрттен зардап шекпеген балалар үйінің ғимараттарының біріне көшіріледі.
Балалар үйінің басшылығына қала әкімдігі, білім басқармасы, Алматының қоғамдық кеңесі, балаларды қорғау және отбасын қолдау орталықтарының өкілдері көмек көрсетіп жатыр.
Балалардың жеке қайырымдылық балалар үйіне қабылдануы тікелей мекеме басшысымен реттеледі. Жер мен ғимараттар кешені “Перзент” жеке қайырымдылық балалар үйіне тиесілі. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылықтағы балалардың тәрбиесі мен оқуын бақылауды қорғаншылық және қамқоршылық органы жарты жылда кемінде бір рет жүргізеді” – деді басқармада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласында өрт сөндірушілер Наурызбай ауданы Алтын орда көшесі бойында орналасқан балалар үйі өртенгенін жазған едік. Сондай-ақ 35 тәрбиеленуші мен қызметкерлер уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылған еді.