Алматыдағы автобус апаты: Сотталушының анасы сотта сөз сөйледі

26 Сәуір 2024, 11:50
2673
Бөлісу:
Алматыдағы автобус апаты: Сотталушының анасы сотта сөз сөйледі
Фото: Видеодан скриншот

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сот отырысында Д.Ахметжановтың анасы сөз сөйлеп, баласының бұрын бұзақалық істемегенін, 22 желтоқсан күні 3 айлық баласына асыққанын айтты.

Мен ең алдымен қайтыс болғандардың туыстарынан, бала-шағаларына қайғырып көңіл айтамын. Балам Дархан Ахметжан бала кезінен тәртіпті, жақсы оқыған, бұған дейін біреумен төбелесіп ұрысқанын көрмегенмін. Ол сол күні 3 айлық баласына асығып бара жатқан еді. Негізі 3 аялдамалық жерді жаяу-ақ жететін, сол күні баласына асығып автобусқа отырған. Автобуста смс арқылы жол ақысын төлеген, бірақ өтпей қойған. Сол кезде жүргізуші көрсет деп өзі шақырып алып, есікті ашпай, екі аялдамадан өтіп кеткен. Сондай-ақ ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Менің ойымша, қандай да бір ер адамға әйелдің елдің көзінше намысына тиетін сөздер айтқаны ызасына тиер еді, - деді Ахметжановтың анасы.

Ол кісінің айтуынша, автобус жүргізушісі де оқиғаға кінәлі. Сол себептен автобус жүргізушісі 351-бабының 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылу керектігін атап өтті.

Ал қазір Шөкебаева өзінің кінәсін мойындамай отыр. Балам Д.Ахметжанов ҚК 293-бабының, 1-бөлігі бойынша қылмысты мойындап отыр. Ал Шөкебаева 351-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп есептеймін. Сол күні ұлым провокацияға берілгенімен үйдегі 3 айлық баласына асықты деп ойлаймын. Шөкебаева есікті ашып, намысына тиетін сөздер айтпағанда бұндай жағдай болмас еді, – дейді анасы.

Ол сондай-ақ автобус жүргізушісінің әлеуметтік желілерде жол-көлік ережелірін бұзған бейнероликтері барын атап өтті.

Адамдардың өміріне жауапты жүргізуші. Оның әлеуметтік желілердегі бейнероликтен қолына телефон ұстап, автобуста жарысатынын көрдік. Бұл қаншалықты дұрыс? Сот мырза, сіз барлық жағдайды ескеріп әділ шешім қабылдайсыз деген үміттемін, - деді Ахметжановтың анасы.

Өзгелердің жаңалығы