Алматы, BAQ.KZ. №1 Қалалық клиникалық аурухананың Амбулаторлық хирургия орталығы мамандары 73 жастағы зейнеткердің мойнындағы липоманы алып тастады. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, пациенттің желкесіндегі ісік жиырма жылдан астам уақыт бұрын пайда болған.
Томпайып көзге қораш көрінетіні болмаса еш ауырған жоқ. Бұрын түрлі себептермен ота жасата алмай жүрдім. Жақында таныстардан ісікті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасатуға болатынын естіп, ауруханаға келдім, - дейді зейнеткер.
Пациентке амбулатория деңгейінде жоспарлы ота жасалды. Жергілікті жансыздандыру арқылы жасалған шағын хирургиялық манипуляция 20 минутта аяқталды. Операцияның орнында білінер-білінбес тыртық қалды.
Орталық жетекшісі Марат Менаяқовтың айтуынша, операция жасау үшін белгілі бір анализдер мен тексеру нәтижелері талап етіледі. Қажетті сараптамалардан кейін пациентке бірден ота жасалады. Яғни, ол үшін ауруханаға жатып емделудің қажеті жоқ.
Пациенттің мойнындағы ісіктен биопсия алынды. Нәтижесінде оның майдан түзілген липома екені анықталды. Жалпы, мұндай ісіктерге ота жасалғаннан кейін пациент бірнеше сағаттан соң үйіне қайтады. Содан соң екі күнде бір рет жарасын таңдыруға келіп тұрады. Тігістің жібі 10-12 күннен кейін алынады, - деді хирург.
Алайда, мамандар оның әртүрлі факторлар салдарынан қатерлі ісікке айналып кетуі әбден мүмкін екенін айтады. Сондықтан мұндай ісіктерді дер кезінде алып тастаған жөн.
№1 Қалалық клиникалық аурухана жанындағы Амбулаторлық хирургия орталығында ашылғалы бері бір айға жуық уақыт ішінде осыған ұқсас 20 шақты шағын ота жасалды. Хирургиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде және ақылы негізде көрсетіледі. Хирургтер липома, атерома, гигрома сынды тағы да басқа қауіпсіз ісік түрлеріне, шаптағы және кіндік тұсындағы жарықтарға операция жасайды, варикозды емдейді.
Амбулаторлық хирургия орталықтары азаматтар үшін өте ыңғайлы. Пациент мұндай орталықтарда ота жасату үшін аса көп анализ тапсырмайды. Оның үстіне, сақтандырылған азаматтар тиісті сараптамаларды тіркелген емхана арқылы тапсырып, инструменталдық зерттеулерден де МӘМС шеңберінде өте алады, - дейді Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.