Алматыдағы "Дағдарыс орталықтарының одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Зүлфия Байсақова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында "Салтанат заңы" қабылданғаннан кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық азайды деген ресми статистика шынайы жағдайды толық көрсетпейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, ресми деректерде тұрмыстық саладағы зорлық фактілері азайғаны байқалғанымен, бейресми статистика керісінше жағдайдың өзгермегенін көрсетіп отыр.
"Ресми статистика азайғанын көрсетеді"
Зүлфия Байсақова ресми мәліметтер бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылық фактілері азайғанын айтты.
Егер ресми статистикаға қарайтын болсақ, онда отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық фактілері азайғаны көрсетіледі. Бірақ әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жүйеге көшуге байланысты агрессорларды жауапкершілікке тарту процесі күрделене түсті, - деді ол.
Оның айтуынша, заңнаманың қатаюы кей жағдайларда жәбірленушілердің арыз жазуына да әсер еткен.
"Бейресми статистика бойынша зорлық азайған жоқ"
Сонымен қатар, құқық қорғаушы дағдарыс орталықтары мен сенім телефондарына түсетін қоңыраулар саны тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлі де өзекті проблема екенін көрсететінін айтты.
Егер бейресми статистиканы алсақ, яғни 150 нөміріне түсетін қоңырауларды, дағдарыс орталықтарының сенім телефондарына жүгінулерді қарасақ, өкінішке қарай, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай отырғанын көреміз, - деді Байсақова.
Оның сөзінше, қазіргі таңда әсіресе жас әйелдер зорлыққа төзгісі келмейді.
Бүгінгі жас әйелдер зорлық-зомбылыққа шыдамайды. Олардың көзқарасына тек отбасы емес, әлеуметтік желілер де әсер етіп жатыр. Әлеуметтік желілер "зорлыққа төзуге болмайды" деген ұстаным көбірек айтылып жатады. Сондықтан көптеген әйел қолдау сұрап жүгінеді, - деді ол.
Қыздар ата-анасының қысымына да қарсы шыға бастаған
Зүлфия Байсақова соңғы уақытта дағдарыс орталықтарына тек күйеуінен емес, ата-анасының қысымынан зардап шеккен қыздардың да келе бастағанын айтты.
Оның айтуынша, кейбір ата-аналар қыздарын ерте тұрмысқа шығуға, белгілі бір адамға күйеуге тиюге немесе өзіне ұнамайтын мамандықты оқуға мәжбүрлейді.
Біз қазір туыстарының қысымына, деспотизміне қарсы шыққан қыздардың да жүгініп жатқанын байқап отырмыз. Бұл үлкен көрсеткіш емес, бірақ ондай жағдайлар бар, - деді ол.
"Көп әйел арыз жазбайды"
Байсақова ресми және бейресми статистика арасындағы айырмашылықтың негізгі себебі - көптеген әйелдің полицияға арыз жазуға бармайтынында екенін атап өтті.
Көптеген әйел күйеуінің үстінен арыз жазу деңгейіне жетпейді. Себебі бастапқы кезеңде мәселені "бейбіт жолмен" шешу тәжірибесі әлі де сақталған. Сондықтан тұрмыстық зорлық көрген көптеген әйел бұл факт туралы ресми түрде мәлімдемейді, - деді құқық қорғаушы.